Қасиетті Кербұлақ өлкесінде еліне еңбегі сіңген, халқына қалаулы талай-талай қазақтың нарқасқа азаматтары өмір сүрді. Уақыт заңымен, өмір көшімен о дүниеге сапар шеккен азаматтардың ішінде біздің сыныптас досымыз Тілеухан Үдербаев та бар.
Тілеухан Даниялұлы Кербұлақ ауданының (ол кезде Талдықорған облысы Гвардия ауданы) Малайсары ауылында 1956 жылы 2 сәуірде дүниеге келген. Тілеуханды біздің Шеңгелді ауылындағы орта мектептің 8-ші сыныбына 1970 жылы үлкен әпкесі Төлепбала алып келген еді. Тілеухан алғашқы күндерден-ақ ойы ұшқыр оқушы болып ұстаздарының көзіне түсті. Мектепте жүрген кезінде тек сабақ қана емес, қоғамдық жұмысты да белсене атқарды. Сонымен қатар, спортта жақсы жетістіктерге жетіп, футбол, волейбол, басқа да спорт түрлерімен айналысты.
1973 жылы осы аталған білім ордасын үздік аяқтағаннан кейін 1974 жылы Кеңес әскері қатарында өзінің Отан алдындағы борышын абыроймен атқарды. Әскерден келген соң Алматы қаласындағы Қ. Сәтпаев атындағы Қазақ политехникалық институтының тау-кен факультетіне оқуға түсті. Жігерлі жас осы оқу ордасында өзінің білімділігімен, адамгершілігімен көпшіліктің назарына ілінеді. Өзі өте қарапайым, кімге болса да жылы сөйлеп, мейірімін төгіп жүруші еді. Тілеухан өз бауырларының да оқу оқып, білім алуына, өмірден өз орындарын табуына күш салып, інісі Ғалымды оқуға тартып, ауылдан Алматыға алып келді. Өзінің артынан ерген інісін ғана емес, ауылдан келген талай жасты жанына тартып, қамқор бола білді. «Болашақ бой жарыстыратын заман емес, ой жарыстыратын заман» екенін олардың жетесіне жеткізуге тырысты. Төлепбала әпкесінің балалары – жиендері Айдын мен Айдарға да қолдау жасап, олардың азамат болып өсуіне ықпал етеді.
Тілеухан 1982 жылы институтты үздік дипломға бітіріп, тау-кен инженері деген мамандық алып шығады. Сол жылы Жоламан қиыршық тас зауытына тау-кен шебері болып жұмысқа орналасып, өмірінің соңына дейін аталмыш зауытта еңбек етті. Өз жұмысына зор жауапкершілікпен қарайтын ол осы аралықта зауытта цех шебері, цех басшысы, инженер, бас инженер, ал 1993 жылдан бастап зауыттың директоры қызметін абыроймен атқарды. Қай ортада болмасын өзінің азаматтығымен, адамгершілігімен абыройдан кенде болмады. Қазақ темір жолы басқармасы Тілеуханның темір жол саласындағы қажырлы еңбегін жоғары бағалап, «Қазақстанның Құрметті теміржолшысы» медалімен, 2001 жылы Тәуелсіз мемлекетіміздің 10 жылдығына орай Астанаға шақыртып, арнайы төсбелгімен, сондай-ақ «Астанаға – 10 жыл», «Астанаға – 20 жыл» мерейтойлық медальдарымен марапаттады. 2012 жылы ҚР Президентінің Алғыс хатымен марапатталып, аудан экономикасын көтеруге қосқан зор үлесі үшін Кербұлақ ауданының Құрметті азаматы атағына ие болды. Оның жүрегі нәзік, көңілі таза, кеңпейілді жан еді. Жұмысшыларға жүргізілген қысқартуларды жүрегіне жақын алып, әрбірі үшін жаны ауыратын. Тілеухан ауылдың тазалығына да баса назар аударып, күл-қоқыстың тасымалдануына жанар-жағармай бөлдіріп, «Ауылым – алтын бесігім» деп, туған жерге жанашырлық танытып, әркез ыстық ықыласын игілікті істерімен білдіріп отырды. Бір кездері нарық заманының жекешелендіру уақытында Тілеухан елдің жайын көзімен көріп, ауызсу, жол мәселесі сияқты тағы басқа елдің мұң-мұқтажын өз жауапкершілігіне алып, туған ауылының көркеюіне қарлығаштың қанатымен су сепкендей қамқор болғанын ауыл ақсақалдары қазіргі күні айтып отырады. Ауыл мешітін отын-сумен, жарықпен қамтамасыз етуді де өз мойнына алған Тілеухан еді.
Иә, Тілеухан десе Тілеухан еді-ау! Ол қолынан келген жақсылығын жасап, ел-жұртының ықыласына бөленген жан болды. Ұрпақ болашағы үшін тер төгіп, шыдамдылық пен табандылықтың үлгісін көрсеткен, өз бойындағы асыл қасиеттері мен білімін болашақ ұрпақтың бақыты мен кәдесіне жаратып, жаңашылдықтың бастаушысы, көрмекке құмар, білмекке құштар болған Тілеуханды 2018 жылы 2 ақпанда 62 жасқа толуына екі ай қалғанда сұм ажал тырнағына іліп кеткен еді…
«Тектіден шыққан текті едің, ажалға қимас жан едің. Арқама батты қайтейін, өмірден өтіп кеткенің…», –деп артынан жоқтау айтып аңырап ел-жұрты, істеген жақсы істері қалды. Бергенінен берері көп еді. Әттең, тағдырға не шара?!
Артында қалған жары, ұл-қыздары, күйеубала, келіндері мен немерелері, бауырлары, құда-құдағи, дос-жараны Тілеуханның аманатын арқалап, жақсы ісін ары қарай жалғастыратыны анық. «Орнында бар оңалар» дейді дана халқымыз. Тілеухан өзінің өмірлік жолдасы Бақыткүл Нүсіпжанқызымен екі қыз, бір ұл тәрбиелеп өсірді. Қыздары Айнұр, Айғаным және ұлы Елдар жоғары білімді мамандар. Тілеуханның зайыбы Бақыткүл болса бүгінде Малайсары ауылындағы орта мектептің белді ұстаздарының бірі. Өз ортасында беделді. Көптеген марапатқа және ата-аналардың алғысына бөленген жан. Ұл-қыздарының аяулы анасы, немерелерінің ардақты әжесі.
Тілеухан Даниялұлының жарқын бейнесі болашақ ұрпағы мен көзкөргендердің жүрегінде әрқашан жарқырап тұра берері сөзсіз.
Молдахмет МЫРЗАҒАЛИЕВ,
Қадырғали Жалайыр атындағы № 6 орта мектептің 1973 жылғы түлектері атынан
Шеңгелді ауылы,
Қапшағай қаласы





