Елбасы Н. Назарбаевтың Жастар жылының ашылу салтанатында берген тапсырмасына сәйкес «Жас маман» жобасы жүзеге асырылуда. Жобаның негізгі мақсаты – білікті мамандарды даярлауда халықаралық тәжірибені енгізу.
«Жас маман» жобасы аясында Талдықорған агро-техникалық колледжінің «Сүт өнімдерінің өндірісі» мен «Нан пісіру, макарон және кондитерлік өндірісі» мамандықтары бойынша материалдық-техникалық базасы заманауи өндірістік жабдықтармен, өндіріс шеберханаларымен жабдықталды. 2020-2021 оқу жылының қыркүйек айында колледжде «Кондитер», «Нан пісіруші шебер» және «Сүт өнімдерін өндіру» оқу-өндірістік цехтары іске қосылды.
Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының бүгінгі басты міндеті – еңбек нарығын білікті кадрлармен қамтамасыз ету. «Жас маман» жобасын іске асыру жаңаша оқытудың жеке моделін қалыптастырып, нарықта сұранысқа ие халықаралық деңгейдегі білікті мамандарды даярлауға жол ашты.
Колледжде білім алып жатқан мамандарды кәсіби бағыттағы стандарттарға негіздей отырып даярлау және экономикалық қажеттіліктермен өзара байланыстыру қатаң түрде сақталып келеді. Бұл тұрғыдан әлеуметтік әріптестермен келісімшарт негізінде жүйелі байланыстар орнатылған. Олардың қатарында «JLС Сүт», «GSK Lactis ltd», «Уштобе-Айдын», «Ляззат – 2016», «Ақ-бұлақ Продукт», «Беккер и К» ЖШС-тері, ««YUM-YUM», «Стабаева Баян», «Аркабаев», «Алимбекова», «Фортуна Фуд-Хакимова» ЖК-лері бар.
Осы жобада жабдықталған цехтарды колледждің әлеуметтік серіктестері келіп көріп, жоғары баға берді. Болашақта нарық сұранысындағы мамандарды даярлауға мүмкіндік беретіндігі туралы баса айтылды. Колледждің оқу-өндірістік цехтарында «JLС Сүт» ЖШС, «Аркабаев» ЖК, «Фортуна Фуд-Хакимова» ЖК кәсіпорындарының мамандары оқу-өндірістік шеберлері мен студенттеріне шебер сынып өткізіп, өз тәжірибелерімен алмасуда.
Еуропалық стандарттық талаптарға сай жұмыс жасайтын пароконвектомат Unox, Мiwe пештері студенттердің кәсіптік біліктілігін арттыруда өте тиімді жабдықтар болып табылады. Олардың өнімді тез және сапалы пісіру, барлық температуралық режимдерді автоматты түрде қолдану мүмкіндіктері бар. Қаладағы шағын кәсіпорындарда мұндай соңғы үлгідегі заманауи жабдықтармен толықтырылған цехтар кемде-кем. Бұл бізге қала нарығына итальяндық багет, көкөніс наны, литва наны, тоқаш түрлері, т.б. ерекше нан өнімдерімен шығуға мүмкіндік береді.
«Жас маман» жобасы аясында ашылған цехтар WorldSkills стандарттары бойынша жаттығу лагері алаңы болатын «Кондитерлік іс» және «Наубайхана шеберлігі» бағыты бойынша құзыреттілік орталығын құруға мүмкіндік берді. Оқу-өндірістік цехтарда студенттер «Worldskills» стандарттары мен критерийлеріне сәйкес келетін өнімдерді жасауға машықтануда.
Колледж базасында «Наубайхана ісі» құзыреттілігі бойынша аймақтық WorldSkills чемпионаты 1 модуль «Дәмді тіскебасар» және 2 модуль «Шығыс ертегілері» тапсырмалары негізінде ұйымдастырылды. Чемпионатқа 5 қатысушы дайындаған өнімдерін ұсынды. Шара колледж базасында бірінші рет өтіп, барлық санитарлық талаптар сақталды. Чемпионатқа қатысушылар өз мамандықтары бойынша кәсіби даярлықтарын шыңдай алды. Аталмыш шара болашақ мамандардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға үлкен үлес қосқаны сөзсіз.
«Кондитерлік іс» және «Наубайхана шеберлігі» оқу-өндірістік орталықтары WorldSkills стандарттарына сай еңбек нарығына жақсы дайындалған кадрларды шығаруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, құзыреттілік орталықтарының базасында жастарды инновациялық және стартап-жобаларға тарту үшін бизнес-инкубаторлар/технопарктердің жұмысы ұйымдастырылады, онда тартымды жобаларды қаржыландыру үшін бизнес-орта шоғырландырылатын болады.
«Жас маман» жобасы аясында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі мен Сингапур Наньян технологиялық университеті бірлескен Халықаралық жоба «STEM оқыту мен оқудағы инновациялық технологиялар» курсына колледж басшылығы мен арнайы пән оқытушылары қатысып, біліктіліктерін арттырды. «STEM» курсы барысында колледж «ІТ технологияны қолдана отырып, кондитерлік өнімдерді өндірудегі дизайнерлік ойлау» және «Ешкі сүтінен ірімшік өндіру» жобаларын ұсынды. Оқу-өндірістік цехтар аталған жобаларды іске асыруда тәжірибе алаңы бола алады. Кондитер цехындағы карамельді лампалар мен 3D принтерлер студенттердің жоба жұмыстарын, әртүрлі тақырыптағы скульптуралар жасауға мүмкіндік береді. Компрессормен шоколад және мусс өнімдерін жаңа бағытта әрлеуге болады. Еңбек нарығының сұранысын ескере отырып, кәсіби стандарттарға негізделген бағдарлама талаптарымен жұмыс істеу барысында студенттердің кәсіби біліктілігі мен дағдылары қалыптасып, сапалы дайындалған кадрларды шығаруға мүмкіндік береді.
Қорытынды аттестаттау шеңберінде WorldSkills стандарттары бойынша демонстрациялық емтихандар өткізіледі. Онда білім алушының еңбек әрекеттерінің орындалуын бақылау арқылы өндірістік жағдайға жақын болудағы құзыреттілігі бағаланады.
Майра ЕРЖІГІТОВА,
Талдықорған агро-техникалық колледжі директорының
оқу-өндірістік ісі жөніндегі орынбасары




