Жаркент өңіріндегі жантүршігерлік жағдай бүкіл елдің қабырғасын қайыстырды. Мұндайды бұрын-соңды естімегендер ес жия алмай: «Біз өзі қандай ортада өмір сүріп отырмыз?» деген терең ойға қалды.
Оқушы қызға қол жүгіртіп, арам пиғылын іске асырған ересек тұрғынның ерсі әрекеті ары қарай тіптен қорқынышты. Бұған дейін де қыз зорлау дерегімен істі болып, әбден әккілікке салынған күдікті 15 жасар жауқазынның тағдырын күл-талқан еткенімен қоймай, айуандықпен өлтіріп, ауыл маңына көме салған.
Жә, қандықол қылмыскер құрықталды. Құзырлы мекеменің мәлімдеуінше, ол – бір адам. Ауызекі әңгімеде айтылғандай, бірнешеу емес. Осы тұста қылмыскер ұлтқа бөлінбейтінін баса айтайық. Заңның алдында бәрі бірдей. Гитлер үшін Гете мен Бетховенді, Сталин үшін Қызыл империяның бүкіл қаламгерлерін жек көріп кету мүмкін емес. Бұл да солай.
Тұтқындағы тексіз тиісті жазасын алар. Мейлі, 17 жыл, мейлі, 20, 30, тіпті, өмір бойына темір торға тоғытылар. Бірақ бұлар өзіміз өмір сүріп отырған ортадан шығып отыр ғой. Хакім Абай айтқандай, «замандасының бәрі виноват» емес пе? Сондықтан бұл жағына да баса мән беріп, бүге-шігесіне дейін зерттеп, зерделеген жөн.
Қай тұсымыздан ақсап жатырмыз? Қай жерден ағаттық кетті? Тәлім-тәрбие, идеология, мемлекетшілдік, Отаныңды сүю, нәзік жандарға сый-құрмет, аға мен қарындас, іні мен әпке, жалпы, туыстық қарым-қатынасты, ұлттық құндылықтарды қайта парықтап, жөн сілтер жаңа бағыт керек пе? Бабалар сүрлеуінен алыстап, әдет-ғұрып пен ырым-тыйымға, дәстүр-салт пен ұлттық мұраға мұрын шүйіре қараймыз деп осындай сұмдыққа барып жатқан жоқпыз ба? Қазбалай берсек, қанды оқиғаға жанама және тікелей себептер көп, тамыры да тереңде.
Қалай десек те, елді есеңгіреткен қылмыстың беті дер кезінде ашылды. Күдікті қамауда. Тергеу жүріп жатыр. Әділетті Қазақстанда әділетті сот үкімі оқыларына да бек үміттіміз. Бірақ жоғарыдағы сауалдарға жауап табу қиын, әлсіз тұсымыз да осы.
Бейбіт күнде, мамыражай заманда жауқазын қыз құрбысына қонаққа барып, із-түзсіз жоғалып кетеді. Араға апта салып ауыл шетінен мәйіті табылады.
Ауылдастарының айтуынша, әлгі күдікті бұған дейін де екі қыздың көз жасына қалған. Заңымыз жұмсақ па, әйтеуір тәртібі «керемет» болып, мерзімінен бұрын бостандыққа шығыпты.
Желіде не көп, жел сөз көп, ақ-қарасы белгісіз дүдәмал ақпарат көп. Осы оқиғаға байланысты Жетісу облысының әкімдігі: «Бүгінгі күні қылмысқа қатысы бар, бұрын сотталған 38 жастағы күдікті ұсталып, қамауға алынды. Оның үстінен кәмелет жасына толмаған қыз баланы зорлау және өлтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Полиция тарапынан тергеу амалдары жүріп жатыр. Қылмысын мойындаған күдіктіге заң аясында қатаң жаза қолданылатын болады. Ал жекелеген әлеуметтік желілерде қыз баланы ұлты басқа бірнеше азамат зорлап өлтірген деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Бұл жерде ұлтаралық мәселенің еш қатысы жоқ. Қазір Панфилов ауданында жағдай тұрақты. Өңірдегі жағдай облыс әкімдігінің, құқық қорғау органдарының тұрақты бақылауында», – деп түсініктеме берді. Ал полиция департаменті азаматтарды жалған ақпараттарға сенбеуге шақырып, қандықол қылмыскер тиісті жазасын алатынын алға тартты.
Ең қорқыныштысы, ең үрейлісі де сол, қаймағы бұзылмаған қалың елдің ортасында, ауыл ішінде осындай арам ойлы адам қалай тып-тыныш, бейсауат жүре берген?
«Мал аласы сыртында, адам аласы ішінде» деп бекер айтпапты ғой данагөй бабаларымыз. Қайран ауыл, сенің де ішің іріп, пиғылың бұзыла бастаған ба? Кімге кінә артамыз? Кімнен көреміз?
Бір құмалақтың бір қарын майды шіріткені-ай!
Қуаныш ТҰНҒАТАР




