Жуырда Өскемен қаласында жасөспірімдер арасында жеңіл атлетикадан Қазақстан чемпионаты өтті. Дүбірлі додада еліміздің барлық аймағынан шашасына шаң жұқпаған желаяқтар сынға түсіп, кім мықтыны анықтады. Байрақты бәсекеге Жетісу жері де таланттарын үкілеп қосты. Сол жүйріктердің арасында спортта дарынды балаларға арналған облыстық мектеп-интернат-колледжінің спортшысы Ақбаян Нұрмәмет те бар.
Ақбаян бұған дейін де көптеген бәсекеде топ жарған дара қыз. Жаттықтырушы Мұрат Жүзгенбаев, Еркен Сепбосынов, Әсет Арыстановтан тәлім алған Ақбаян Қазақстан чемпионатының бірнеше дүркін жеңімпазы. Жасөспірімдер арасында Қазақстан құрама командасының мүшесі. Спорт шеберлігіне үміткер. Бұл жолы жасөспірімдер арасында сынға түсіп, 3000 метр қашықтықта күміс жүлдемен күптелді. Ал 2000 метрге кедергімен жүгіруде алдына жан салмай чемпион атанды. Ақбаянның бұл жолғы көрсеткіші өте жоғары. Әттең, Қазақстан Республикасының рекордын жаңартуға бір секунд жетпей қалды. Сәтін салса ақпан айында Өскеменде өтетін жастар арасындағы ҚР чемпионатында өнер көрсетеді. Дүбірлі додада көздеген рекордты орнатады деген сенім мол.
Ақбаян Нұрмәметтің арғы тегі Райымбек ауданы, Нарынқол өңірінен шыққан Шоған абыздың тұқымы. Ерденбек атадан Өртекес жерінде үш ұл өмірге келеді. Үлкені – Тоқтасын, одан кейін – Рауан, Тоқтақын. Бұл әулетті Мұңғұлкүре елі өте жақсы біледі. Ошақтың үш бұтындай жарасқан үш ұлдың бірі Рауан атасынан Нұрмәмет дүниеге келеді. Бүгінде Райымбек ауданының Қайнар ауылында қоныстанған. Қызының талантына көзі жеткен әке болашағын бағамдап, спорт мектебіне берді. Болашағынан көп үміт күттіретін талантты қыз алда ел үмітін ақтайтынына сенім мол. Ақбаян облыстық олимпиадалық даярлау орталығына тіркелген. Осы жетістігінен таймаса, Олимпиаданың да ауылы алыс емес.
Әмір САНА





