Жүргізілген шараларға қарамастан елімізде сыбайлас жемқорлық толастамай тұр. Түп-тамырын тереңге жіберген парақорлық пен жемқорлықтың кесірінен мемлекеттің тұрақты дамуына едәуір кедергі келуде.
Биыл жыл басынан бері облыс аумағында тіркелген 87 қылмыстық құқықбұзушылықтың 63-і сыбайлас жемқорлықпен байланысты болып шықты. Соған орай тергеуге алынған 155 адамның 20-сы әртүрлі деңгейдегі мекемелердің басшылары екендігі анықталды.
Мұндай мәліметтер Талдықорған қаласындағы «Рухани жаңғыру» орталығында мәдениет саласының қызметкерлеріне арналған «дөңгелек үстел» отырысында айтылды. Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Марлен Көлбаев жүргізіп отырған алқалы жиында баяндама жасаған ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Жандос Жұмабаев қоғамның дерті – парақорлық пен жемқорлықтың зардабын көпшілікке түсіндіріп, мемлекеттің дамуын тежейтін жағымсыз әдеттен келетін зиянды саралады. Оның айтуынша, Жетісу жерінде сыбайлас жемқорлықпен жүйелі түрде айналысқан 8 дерек анықталып, 29 қылмыс жасаған 27 адамның бетпердесі ашылды. Одан бөлек, шағын және орта кәсіпкерлікке кедергі келтірген 35 лауазымды тұлғаның әрекеті әшкереленіп, 22 кәсіпкерлік нысанының құқы қорғалды. Олардың бәрі де сот шешімімен кінәлі деп танылып, лайықты жазасын алды. Дегенмен, қоғамдағы сыбайластық, парақорлық, жемқорлық дерегі толастамай тұр. Осыған орай облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына қарасты мекемелердің есеп-қисабын жүргізетін бухгалтерлер сыбайластық деректеріне бейжай қарамауы тиіс.
Одан соң кезекпен сөз алған облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейіт, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, композитор, дирижер Әли Алпысбаев, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бөлім басшысы Төлеужан Ғұмаров ел мен жердің өркендеуіне елеулі кедергі келтіретін сыбайлас жемқорлықтың алдын алудың жолдары жайлы ойымен бөлісті.
Мәди АЛЖАНБАЙ




