Елімізде сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға арналған іс-шаралар жиі өткізіледі. Бұл, ең алдымен, мемлекеттік қызметкерлердің өз лауазымын пайдаланып пара алуын болдырмауды, жегіқұрт жемқорлықтың жұқпасынан сақтандыруды мақсат етеді. Осыған орай ҚР Ауылшаруашылығы министрлігіне қарасты Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің Алматы облыстық аумақтық инспекциясы арнайы семинар-кеңес өткізіп, сала мамандарының әділдік, адалдық, шынайылық сынды қасиеттерін ұштады.
Облыстық аумақтық инспекцияның бөлім басшылары, фитосанитариялық бақылау бекеттерінің аға мамандары, аудандық, қалалық аумақтық инспекция басшылары және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысқан алқалы жиынды облыстық аумақтық инспекцияның басшысы Саят Сақмолдин ашып, жүргізіп отырды. Семинар-кеңесте ҚР Ауылшаруашылығы министрлігіне қарасты Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің Алматы облыстық аумақтық инспекциясының кадр, ұйымдастыру құқықтық қамтамасыз ету бөлімінің бас маманы Алмас Ақылбеков, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасының бас маманы Марлен Бекқұлов, «Nur Otan» партиясының Талдықорған қалалық филиалы партиялық бақылау комиссиясының мүшесі Айдос Жақыпбек, «Жаңару» республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының директоры Қайрат Ержанов баяндама жасап, осы саладағы өзекті мәселелерді шешудің жолдарын қарастырды. Сондай-ақ, ҚР «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңы және «Мемлекеттік қызмет көрсету» Заңының талаптарын тереңдетіп түсіндірген мамандар аумақтық инспекцияның алдында тұрған маңызды міндеттерді талқылады.
– Биылғы 2 қыркүйекте өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сыбайлас жемқорлықпен, парақорлықпен күрес бір сәтке болса да толастамайтынын айтып, қоғамның жегіқұртына айналған жағымсыз әрекетті әшкерелеу жүргізіле беретінін жеткізген болатын. Соған байланысты біздің инспекцияда сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға қатысты шаралар өткізудің жоспары құрылып, әрбір тоқсан сайын алқалы жиындар, семинарлар, «дөңгелек үстел» отырыстарын өткізіп келеміз, – деген Ауылшаруашылығы министрлігіне қарасты агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің Алматы облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Саят Сақмолдин осы салада жүріп, қызметін жекебасына пайдаланғысы келетіндердің жазасыз қалмайтынын жеткізді. – Ондай жиындарға Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің, «Нұр Отан» партиясының мамандары, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысып, өздерін толғандырған мәселелерді көтереді. Өкініштісі, біздің аумақтық инспекцияда сыбайлас жемқорлықтың белгілері байқалып қалатыны жасырын емес. «Қорғас», «Нұр Жолы», «Достық», «Қалжат» сынды кеден бекеттерінде біздің карантиндік инспекторлар жұмыс істейді. Яғни, олар көршілес қытай елінен келетін тауардың сапасын тікелей бақылаумен айналысады. Соған орай биыл 5 қызметкер сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар деген күдікпен ұсталды. Қазір тергеу амалдары жүргізілуде. Сот әлі болған жоқ. Осыған байланысты арнайы шараларды, жылжымалы кеңестерді жиі әрі ұдайы өткізіп тұрамыз. Дегенмен, тауарлар мен заттарды карантиндік тексеру тікелей жүргізілетіндіктен параны қалай алып қоятынын қадағалай алмаймыз. Сондықтан осындай шараларды жиі өткізіп, мамандардың бойындағы отаншылдық, мемлекетшілдік, патриоттық сезімдерін оятуға тырысамыз.
Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің Алматы облыстық аумақтық инспекциясына қарасты карантиндік бекеттердің мамандары негізінен елімізге келетін тауарлар мен заттарды тексеріп, сапасын анықтауы тиіс.
М. ӘСЕТҰЛЫ




