Ширек ғасырға жуық облыстық «Jetіsý» газетінде еңбек етіп, шығармашылық шыңдалу жолынан өткен әріптесіміз Ришад Тұрғанбайұлы ШЖҚ «Жетісу Медиа» МКК басшысы лауазымына тағайындалды.
Бүгінгі ақпараттар ағыны тасқындап, технология күн санап қарқындап дамып келе жатқан қоғамда кез келген басылымның басына біраз бұлт үйіріліп тұрғаны шындық. Осындай сын сағатта облыс әкімдігінің талап-тілегімізге құлақ асып, саланың қыр-сырын жақсы білетін лайықты басшыны өз ішімізден тағайындауы біз үшін үлкен қолдау. Жаңа басшы да өзіне артқан сенімді жауапкершілікпен сезініп, үлкен ұжымға ұйытқы бола отырып, жүктелген міндетті абыроймен алып жүретініне күмәніміз жоқ.
Ришад Тұрғанбайұлы осы уақытқа дейін ата басылымда қатардағы тілшіден бөлім басшысы, жауапты хатшының көмекшісі, бас редактордың орынбасары лауазымдарын абыроймен атқарып келді. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, газеттің халықтың көзі, құлағы һәм тілі екенін жақсы түсініп, билік пен бұқара арасындағы алтын көпірге айналған басылымның көшін ары қарай да өз деңгейінде алып кететіне сенімдіміз. Қаламы қуатты, жазғаны шуақты әріптесімізге жаңа қызметте жаңашылдық пен тың идеяларын іске асырып, абыройлы еңбек етуіне тілектеспіз!
«Jetіsý» газетінің ұжымы





