Бейсен Құранбек атындағы Журналистер үйінде Жетісу облысында 2025-2026 жылдардағы жылыту науқанының қорытындысы және алдағы кезеңге дайындық барысы талқыланды.
Өткен маусым штаттық режимде өтіп, төтенше жағдайлар тіркелген жоқ. Барлық аудандар мен қалаларда жылу беру сәуірдің 3-15 аралығында тоқтатылды. Алакөл ауданында сыртқы ауа температурасына байланысты маусым 20 сәуірде аяқталды.
Жылумен қамту кезеңін өткізу және оған дайындыққа жалпы 19,1 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде:
- 7,6 млрд теңге жылу нысандарын жаңғыртуға
- 7,6 млрд теңге отын сатып алуға
- 3,7 млрд теңге кәсіпорындардың тарифтік сметалары есебінен
Текелі қаласындағы жылу электр орталығында 2 турбина қалпына келтіріліп, 35 қазандықта жаңғырту және ағымдағы жұмыстар атқарылды. Сонымен қатар 16,4 шақырым жылу желісі мен 1,1 мың шақырым электр желісі жаңартылып, 206 трансформаторлық қосалқы станцияға қызмет көрсетілді.
Келесі маусымға дайындық басталып кеткен. Диас Досмұхановтың айтуынша, қазіргі таңда отын жеткізу жоспарлары әзірленіп, келісімшарттар жасалып, логистикалық шаралар пысықталуда. Кәсіпорындарда тиісті кестелер бекітіліп, қажетті отын қоры қалыптастырылуда.
«Әлеуметтік осал топтағы азаматтарға қолдау шаралары қарастырылған, бұл жұмыс жылыту маусымы кезінде де жалғасады. Газ тұтынушылар үшін төлемді бөліп төлеу мүмкіндігі сақталады. Жалпы, жылу және электрмен жабдықтау жүйелерін жаңғырту кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. 2024-2025 жылдары Балпық би, Қарабұлақ, Үштөбе, Текелі және Талдықорған қалаларында 27 шақырымнан астам жылу желілері қайта жаңартылды», – деді Жетісу облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Диас Досмұханов.
Маусым барысында өңірге 293 мың тонна көмір және 6,1 мың тонна мазут жеткізілді. Бюджеттік ұйымдар 14,1 мың тонна көмірмен, 3,6 мың тонна пеллетпен және 10,4 млн литр дизель отынымен қамтамасыз етілді. Тұрғындар үшін көмір тапшылығы тіркелген жоқ.
Осы кезеңде өрт қауіпсіздігі де бақылауда болды. Нәтижесінде өрт саны 26%-ға, қаза тапқандар саны 35%-ға азайғанымен, жарақат алғандар саны артқан.
Профилактикалық шаралар аясында әлеуметтік осал санаттағы 7 761 үй тексеріліп, 18 мыңнан астам тұрғынға түсіндіру жүргізілді. 2 463 түтін және улы газ датчигі орнатылды. Бұқаралық ақпарат құралдарында 11 мыңнан астам материал жарияланды.
Сонымен қатар өңірде өрт қаупі жоғары кезеңге дайындық күшейтілген. Қазіргі таңда 3 мыңнан астам адам мен 500-ден астам техника жұмылдырылған. Жыл басынан бері 4 орман өрті тіркелген.
Алмас Смағұловтың айтуынша, жергілікті атқарушы органдарға өрт қаупі жоғары кезеңге дайындық бойынша нақты тапсырмалар жолданған. Оның ішінде құрғақ өсімдіктерді шабу да қарастырылған.
«Өрттің алдын алу шаралары күнделікті бақылауда және алдағы уақытта да жалғасатын болады», – деді Жетісу облысы ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Алмас Смағұлов.
Жалпы қабылданған шаралар маусымның тұрақты өтуіне мүмкіндік берді. Алдағы кезеңде қауіпсіздікті күшейту және алдын алу бағытындағы жұмыстар жалғасады.
Аяулым Шынгаева





