Облыстық әкімдікте кеңейтілген кеңес өтіп, Жетісу жерінің биылғы алғашқы жартыжылдықтың жетістігі сараланды. Облыстық басқармалар мен департаменттердің, құқық қорғау органдарының басшылары, аудан, қала әкімдері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысқан алқалы жиынды жүргізген облыс әкімі Бейбіт ИСАБАЕВ алдымен бірінші орынбасарлығына Әлібек Жақанбаевтың тағайындалғанын, Әсет Қанағатовтың орынбасары болғанын атап өтіп, аты аталған азаматтарды көпшілікке таныстырды.
Кеңес отырысында өзекті 3 мәселе қаралды. Алғашқы тақырып – облыстың 2023 жылғы бірінші жартыжылдықтағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және мемлекеттік органдардың 2022 жылғы тиімділігін жыл сайынғы бағалау қорытындысы туралы облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Жомарт Әмірханов баяндама жасап, өңірдің жетістігі мен кемшін түсіп тұрған салаларын таныстырды. Оның айтуынша, бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша Жетісу облысында экономиканың барлық салаларында оң өзгеріс сақталған. Атап айтқанда, өнеркәсіпте өсім 10,3%-ға (152,4 млрд. тг.), ауыл шаруашылығында 1,5%-ға (104,9 млрд. тг.) өсіп, құрылыс жұмыстарының көлемі 1,9 есеге ұлғайған (66,3 млрд. тг). Сондай-ақ, тұрғын үйді пайдалануға беру 30,3%-ға (103,9 мың шаршы метр), көлік 2,3%-ға (79,0 млрд. тг.), сауда 1,8 есеге өскен (264,0 млрд.теңге). Жыл басынан бері 1,3%-дық өсіммен 95,3 млрд. теңге инвестиция тартылса, мемлекеттік бюджет түсімі 136,6 млрд. теңгені құраған. Оның ішінде республикалық бюджетке 100,5 млрд. теңге түсіп, жоспар 101,8%-ға орындалса, жергілікті бюджетке 36,1 млрд. теңге түскен.
Осындай жетістіктерді кейбір келеңсіз жайттар көлеңкелейтінін жасырмаған басқарма басшысы Жомарт Әмірханов, биылғы бірінші жартыжылдықтағы аудандар мен қалалардың әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша рейтингтік бағалау қорытындысын таныстырды. Оның айтуынша, облыстағы 10 кәсіпорынның екеуі – «Қайнар АКБ» ЖШС мен «Суффле Қазақстан уыт зауыты» АҚ-ның өнеркәсіп өндірісі көлемі төмендеген. Сондай-ақ, Текелі тау-кен өңдеу кешені, «МК Казсиликон» және «Электромарганец» кәсіпорындары жұмысшыларын қысқартқан. Ал Алакөл ауданында 2 нысан, Қаратал, Сарқан аудандарында бір-бір нысанның жұмысы кешеуілдеуде.
Одан бөлек, облыстың бірқатар ауданында инвестициялық жобалардың төмендігін, ірі жобалардың кешеуілдеп жатқанын атап өткен баяндамашы аудан, қала әкімдеріне қарата: – Сіздердің жұмыстарыңыздың нәтижесі ауданның ғана емес, жалпы облыстың дамуына әсер етеді. Биыл облыста жалпы сомасы 56,6 млрд. теңгеге 50 жобаны іске асыру есебінен жеке инвестициялар көлемін ұлғайту жоспарлануда, – деп аса тиімді жобаларға тоқталып өтті. – Сонымен қатар, бюджеттен тыс инвестициялардың өсуіне «Достық – Мойынты» теміржол учаскесінің екінші жолын салу жобасын іске асыру әсер етеді. Бұл жобаның жалпы құны 575,8 млрд. теңге, оның ішінде Жетісу облысы бойынша 218 млрд. теңге.
Осылай деген Жомарт Әмірханов құрылыс жұмыстарының нақты көлем индексі бойынша облыстағы өсім республика бойынша бірінші орын алып, 66,3 млрд. теңгені құрағанына, жыл басынан бері 103,9 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілгеніне тоқталды.
Соның ішінде Алакөл ауданының орталығы Үшарал қаласындағы 20 пәтерлі екі тұрғын үй, Текелі қаласында 40 пәтерлі тұрғын үй, Панфилов ауданының Пенжім ауылында екі 80 пәтерлі тұрғын үй, музыкалық колледж жатақханасы және Талдықорған қаласындағы 175 пәтерлік 4 үй бар. Бір айта кетері, Талдықорған қаласы мен Алакөл ауданы бюджет есебінен тұрғын үйді пайдалануға беру кестесінен артта қалып отыр.
Биыл облыстық бюджет шығыстары 209,2 млрд. теңге сомада игерілген
Жоспар бойынша 210,5 млрд. теңге иегерілуі тиіс еді. Әлі 1,3 млрд. теңге игерілмеген. Оның 917,0 млн. теңгесі облыстық басқармаларға тиесілі. Атап айтқанда құрылыс басқармасы 375,5 млн. теңге, білім басқармасы 168,7 млн. теңге, спорт және дене шынықтыру басқармасы 69,6 млн. теңге, денсаулық сақтау басқармасы 67,5 млн. теңге игермеген. Сондай-ақ, 358,5 млн. теңге Алакөл, Ақсу, Қаратал, Панфилов аудандары мен Текелі қаласының бюджетіне тиесілі.
Сонымен қатар, облыста жеке тұлғалардың жергілікті салықтары бойынша берешекті өндіріп алу жұмыстары баяу жүруде. Жоспар бойынша 6 айда 1,1 млрд. теңге өндіріп алу көзделгенімен, тек 454 млн. теңге немесе 39,2% ғана өндірілген. Жұмыстар Көксу (36,3%), Ескелді (34,2%) аудандарында және Талдықорған қаласында (28,8%) нашар жүргізілуде, онда көрсеткіштер орташа облыстық деңгейден төмен. Ең үлкен сома тек екі ауданда 52,4% (Ақсу және Алакөл).
Ішкі туристер санын ұлғайту жоспары небәрі 6,3%-ға орындалған. Бұл көрсеткіш Ескелді, Сарқан, Кербұлақ, Алакөл және Көксу аудандарында облыстық межеден төмен. Сондай-ақ, жерді мемлекет меншігіне қайтарудың жоспары толық орындалғанымен Ескелді, Сарқан аудандары кенжелеп отыр.
Тағы бір ескерте кететін мәселе, әлеуметтік, қоғамдық-саяси ахуал бойынша тек Сарқан, Көксу аудандары мен Текелі қаласы теріс сипаттағы сауал, сыни жарияланымдарға толық жауап берсе, Ақсу және Панфилов аудандары халықтың жарияланымдарына жауап қатпаған. Яғни, азаматтардың өтініштеріне дәл мерзімінде дұрыс жауап қайтару кешеуілдеп тұр.
Одан бөлек, ауылшаруашылық саласына тартылуы тиіс инвестиция көлемі толық орындалмай тұр. Мысалы, биыл келуі жоспарланған 30,3 млрд. теңге инвестицияның тек 5,7 млрд. теңгесі алғашқы жартыжылдықта тартылған. Сондай-ақ, 500 тоннаға жоспарланған шұжық өнімдерін өндіру тек 7 тоннаға орындалған. Туризм саласын дамытуға биыл 52,8 млрд. теңге инвестиция тарту жоспарланған. Соның 7,7 млрд. теңгесі биыл алғашқы жартыжылдықта орындалыпты. Денсаулық сақтау саласында да межеленген жоспармен нақты дерек сәйкеспейді. Мысалы, ана мен бала өлімі облыста азаймаған. Одан бөлек, бюджет қаражатын тиімді жұмсау ісіне қатысты кемшіліктер облыстық басқармаларда көптеп кездеседі. Мәселен, тапсырыс беруші тарапынан бақылаудың жеткіліксіздігі мен мемлекеттік сараптаманың қорытындысы уақытылы берілмеуіне байланысты облыстық құрылыс басқармасына қарасты 39, энергетика және ТҮКШ басқармасына тиесілі 28, Талдықорған қаласында 46, Панфилов ауданында 15, Көксу ауданында 14, Алакөл ауданында 10 жоба жүзеге аспаған.
Мұндай келеңсіздіктер «Халық қатысатын бюджет» тәжірибесін қолдануда, «Жеке және заңды тұлғалармен өзара іс-қимыл» блогын жүзеге асыруда анық байқалады. Соған сәйкес халықтың өтінішіне жауап беру жұмысында кемшілік көп. Атап айтқанда, биыл бірінші жартыжылдықта жеке және заңды тұлғалардан 18,1 мың өтініш түскен. Өтініштердің 4826-ы Талдықорған қаласына, 1309-ы Алакөл ауданына, 1519 білім басқармасына және 543 денсаулық сақтау басқармасына жіберілген. Соның ішінде білім және денсаулық сақтау басқармалары азаматтардың өтініштерін қарау мерзімдерін бұзу бойынша теріс рейтингте көшбасшы болып келеді. Сондай-ақ, бірінші жартыжылдықта Текелі қаласының әкімдігіне түскен 396 өтініштің алтауының мерзімі бұзылса, Талдықорған қаласының әкімдігіне түскен 4896 өтініштің 19-ның мерзімі кешіктірілген.
Осындай кемшіліктердің себебін аудан әкімдері мен облыстық басқармалардың басшыларынан сұраған Бейбіт Өксікбайұлы:
– Аудан мен қала әкімдері рейтинг қорытындысындағы көрсеткіштердің төмен динамикасының себептерін талдап, осы көрсеткіштерді арттыру жөнінде қажетті шаралар қабылдауы қажет. Өңірішілік рейтингтің нәтижелері облыстың жалпы нәтижелілігіне тікелей әсер етеді, – деп мәселенің мән-жайын түсіндіріп өтті. – Облыстағы басқару тиімділігінің көрсеткіші жақсы. Бірақ бізді құртып отырған нәрсе – арыз-шағымдарға дер кезінде жауап бермеу. Бұл көрсеткіштен республика бойынша соңғы орындамыз. Бізді артқа тартып отырған тағы бір себеп – инвестициялық жобалардың толық жүзеге аспауы. Панфилов, Сарқан, Кербұлақ, Алакөл аудандары мен Талдықорған қаласы инвестиция тартудан кенжелеп тұр. Жоспарланған инвестиция тарту жұмыстары толық іске қосылса республикада алдыңғы орынға шығамыз. Сондықтан аудан, қала әкімдері статистикалық мәліметтермен жұмыс істеуі керек. Осы кемшіліктерді түзесек биыл облысымыздың әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі индикаторлары бойынша алғашқы бестікке жақсы көрсеткішпен енуге толық мүмкіндігі бар. Мұның бәрі сіз бен біздің еңбегіміз. Естеріңізде бар ма, прокуратурамен бірлесіп, жердің мәселесін шешудің жол картасын жасап, жұмыс істегеніміз?! Соның нәтижесінде барлық аудандар игерілмей жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтарудың жоспарын толық орындады. Аудандарды аралап, жергілікті жұртшылықпен кездескен сайын өзекті мәселелерді айтушылардың азайғаны байқалады. Бұрынғыдай жол, су, отын секілді мәселелердің орнына жекебастың жағдайын айтады. Көршісімен арадағы келіспеушіліктің нәтижесін, сотқа шағымданғанын, әкімге, аудандық полицияға наразылығын алға тартады. Жүйелі, өзекті мәселелер жоққа тән.
Бұл жақсы. Екіншіден, әкімдер мен мамандар халықтың арыз-шағымына дер кезінде жауап бермегеннен облыстың ортақ көрсеткішіне нұқсан келіп тұр. Сондықтан облыстық басқармалардың басшылары мен аудан, қала әкімдеріне халықтың өтініш-тілектерімен жұмыс істеуді күшейтуді тапсырамын. Түскен хаттардың жауабын уақытында беріңіздер! Жап-жақсы жұмысқа бюрократия, жалқаулық, формализм сынды кесірлі әдеттер нұқсан келтіріп отыр.
Осыған сәйкес облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Сәкен Түкібаевқа, облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Жомарт Әмірхановқа жүргізіліп жатқан рейтингтің толық қамтылуын қарастырып, өткен жылмен салыстырғанда даму динамикасы тұрғысынан ғана емес, сонымен қатар, аудан мен қалалардың жалпы әлеуметтік-экономикалық даму деңгейі, облыстағы үлесі аясында рейтингті әзірлеу бойынша ұсыныс енгізуді тапсырамын.
Инвестициялық жобаларды толық жүзеге асыруды, мемлекет қаржысын тиімді әрі мақсатты игеруді, құрылыс, білім, денсаулық сақтау салаларындағы халықпен жұмысты ширатуды тапсырған облыс әкімі кеңейтілген кеңесте қаралған бірінші мәселені қорытындылады.
Отырыста қаралған екінші мәселе – биылғы бірінші жартыжылдықта облыстағы агроөнеркәсіп саласының даму қорытындысы мен пайдаланылмай немесе мақсатсыз пайдаланып отырған жерлерді мемлекет меншігіне қайтару және ауылшаруашылық бағытындағы жерлерді цифрландыру туралы облыс әкімінің бірінші орынбасары Әлібек Жақанбаев баяндама жасап, Жетісу жерінің жетістігін таныстырды. Оның айтуынша, жер көлемі 11 миллион 846 мың гектарды құрайтын облыстағы жердің 4 миллион 634 мың гектары ауыл шаруашылығына тиесілі жерлер. Көлемі 533 мың гектар егістіктің 200 мың гектары суармалы, 333 мың гектары тәлімдік жер боп есептеледі. Облыстағы 21 070 шаруашылық құрылымында 62 мыңнан астам адам еңбек етуде. 19 931 шаруа қожалығында 13 019 жұмысшы еңбек етеді, нормаға сәйкес 18 050 болуы керек.
Ауылшаруашылық саласы қарқынды дамуда. Қысқа дайындық бар. Егістіктің түсімі жақсы. Қажетті жанаржағармаймен диқандар толық қамтамасыз етілген. Субсидиялау жұмыстары тұрақты жүріп тұр. Техника жеткілікті. Мал басының өсімі жекелеген аудандарда төмен. Мысалы, Ескелді ауданында ірі қара 1300 басқа, қой мен ешкі 17,7 мың басқа, Кербұлақ ауданында ұсақ мал 10 мың басқа азайған. Дегенмен, ауыл тұрғындары мал жайылымының жетіспейтінін айтады. Осыған орай пайдаланылмай жатқан жерлерді анықтауға жаңа технологияларды қолданудың тиімділігін алға тартқан облыс әкімінің бірінші орынбасары Әлібек Жақанбаевтың сөзін растаған облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Ермек Әпеков, облыстық цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Айдын Темірбаев дронды бейнекамера арқылы игерілмей жатқан немесе мақсатсыз игерілген жерлерді анықтаудың тиімді жолын таныстырды. Олардың айтуынша, облыстың әр өңірінде атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесі мен кемшілігін дронмен білуге болады.
Жаңа бастамаға қолдау көрсететінін жеткізген облыс әкімі кеңес отырысында қаралуы тиіс үшінші мәселе – биылғы бірінші жартыжылдық қорытындысы бойынша Жетісу облысында халықты жұмыспен қамтудың өңірлік картасын іске асыру барысын баяндау үшін мінберге облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ермек Мизамбаевты шақырды. Баяндамашының айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында облыста 31,6 мың азаматты жұмысқа орналастыру қарастырылып, алғашқы жартыжылдықта 20,4 мың адам жұмысқа алынған. Осы көрсеткіштің 45%-ға жуығы жастар.
Дегенмен, облыста жұмыс берушінің жұмысқа орналасқан азаматқа міндетті зейнетақы жарнасын төлемеуі және екеуара электрондық еңбек келісімшарттың болмауы жалған жұмысқа орналастырудың басты көрсеткіші болып отыр. Соның кесірінен жоспар мен статистика сәйкеспей тұр. Тіпті, уақытша жұмыс орнын құру мен оған жұмысшы алу бойынша сәйкессіздік Талдықорған қаласында, Алакөл, Ақсу, Қаратал, Кербұлақ аудандарында шұғыл шара қабылдауды қажет етеді.
– Облыста іске асырылып жатқан 81 ұлттық жобада «Электрондық еңбек биржасы» порталы арқылы жарияланған 1215 бос жұмыс орнына бүгінде тек 67 жобада 789 адам жұмысқа орналасқан. Мониторинг нәтижесі көрсеткендей, порталда бос жұмыс орындары жарияланғанына кемінде 1-1,5 ай өткеніне қарамастан, 426 вакансияға жұмыссыз азаматтар жіберілмеген, – деген баяндамашы Ермек Мизамбаевтың жұмысына қолдау білдірген облыс әкімі Бейбіт Исабаев зейнетақы, салық төлемдерінен жалтару жақсылыққа апармайтынын, мемлекеттің негізгі көздегені халықтың жағдайын жасау екенін түсіндіріп, мұндай келеңсіздіктерді жоюды құзырлы органдар мен облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің басшылығына тапсырды.
Сондай-ақ, қажетті мамандарды оқытуды тиімді жүргізу үшін Талдықорған қаласы мен аудан орталықтарындағы оқу орындарында тау-кен өнеркәсібі және карьерлерді қазу, көлік және қойма, газ жабдықтарын пайдалану, жөндеу салаларына қажетті 2,5 мың маманды қысқа уақыттың ішінде оқытып шығаруды тапсырған облыс әкімі Кербұлақ ауданында іске қосылатын «Көксай тау-кен байыту кешеніне» 1300 тұрақты жұмыскер, Сарқан ауданында алтын өндіретін «Aksenger LTD» ЖШС-на 80 жұмыскер, Алакөл, Сарқан аудандарын басып өтетін «Достық – Мойынты» теміржол жобасына 500 жұмыскер қажеттігін ескертіп, облыстық білім басқармасы, аудан, қала әкімдіктерімен бірлесіп, ірі жобаларға қажетті мамандарды, ауылдағы жұмыссыз жастарды даярлауды назардан тыс қалдырмауды міндеттеді.
Одан бөлек, өңірдің өркендеуіне септігін тигізетін мүмкіндікті дұрыс пайдаланып, әлеуметтік-экономикалық дамудың барлық бағыттары бойынша қол жеткізген өсімнен төмендемеуді, арқаны кеңге салып босаңсып кетпеу керегін де жеткізді. Қол жеткен жетістікке тоқмейілсуге болмайтынын айтып, кемшілікке кеңшілік жасалмайтынын ескертті. Жыл соңына дейін өнеркәсіп өндірісінің жоспарланған өсімін орындауды, инвестиция тарту жұмысын жандандыруды, бюджеттік қаражаттың уақытында игерілмегені үшін құрылыс, білім басқармаларының басшыларына, Алакөл және Панфилов аудандарының әкімдеріне, сондай-ақ, «Ауыл Аманаты» бағдарламасын дұрыс жүзеге асырмағаны үшін ауылшаруашылық, кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармаларының және «Жетісу» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының басшыларына қатаң ескерту жасайтынын жеткізді.
Мәди АЛЖАНБАЙ





