Нарынқол ауылы шын мәнінде құрылыс алаңына айналды. Жүзден аса жаңа тұрғын әрі қызметтік үй тұрғызылды. Жаңадан халыққа қызмет көрсету орталығы, аудандық прокуратура ғимараты салынды. Алдағы уақытта Нарынқол ауылы мұрағат ғимаратымен сән-салтанатын асыра түсетін болады.
Аудан әкімі Нұржан Құдайбергенов әрдайым ауылда салынып жатқан құрылыс нысандарының жайын көріп, серіктестік жетекшілерімен жүздесіп, жұмыстың кестеге сай жүргізілуін бақылап отырады. Биыл Нарынқол ауылында аудандық өрт сөндіру бекетінің жаңа ғимараты бой көтерді. Аумағы 787 шаршы метр жерді алып жатқан нысан құрылысын «Дәулет Серпін» ЖШС-нің құрылысшылары мен мамандары жүргізуде. Жоспар бойынша бұл ғимарат жылдың аяғына дейін пайдалануға берілуге тиіс. Оның сыртында Нарынқол ауылдық әкімдігінің ғимараты салынуда. Екі қабатты, барлық жағдайы қарастырылған әкімдік ғимаратында мемлекеттік қызметкерлердің қолайлы жұмыс істеуіне мол мүмкіндік туады. Құрылыс жұмыстарын «GOLDEN SITY DS» ЖШС-нің құрылысшылары қолына алған. Жұмыс қарқыны жаман емес. Бұл әкімдік ғимараты жылдың аяғында пайдаланылуға берілмек.
Қанат БІРЖАНСАЛ,
Райымбек ауданы
Алматы облысы





