Апта басында Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтің төрағалығымен облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының 2022 жылғы 1 жартыжылдығындағы қорытындылары мен 2 жартыжылдықтағы міндеттерін қараған алқа отырысы өтті. Жиынға басқармалар мен департамент басшылары, аудан, қала әкімдері, мәслихат депутаттары, құқық қорғау органдарының башылары, қоғамдық ұйымдар мен мекеме жетекшілері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Күн тәртібіндегі мәселе бойынша сөз алған экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Бақытгүл Төлебекова үстіміздегі жылдың жартыжылында облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының оң динамикасы сақталғанын айтты. Қысқа мерзімді экономикалық индикатор 105 пайызды құрағанын тілге тиек еткен ол, өнеркәсіпте өндіріс көлемі 716 млрд. теңгені құрап, 6,2 пайызға артқанын жеткізді.
Ал жеңіл өнеркәсіп өндірісі 10,6 пайызға төмендеп кеткен. Бұған Райымбек ауданының жоспарды небәрі 21 пайызға орындауы, облыстағы жүйе құраушы 18 кәсіпорынның ішінен Іле ауданындағы «Galans Bottlers» АҚ-ы алкогльсіз сусындар өндірісін 3,4, Қонаев қаласындағы «Кнуф ГипсҚапшағай» зауыты болаттан жасалған профильдер өндірісін 14,6, гипсокартон өндірісін 3,9, Қапшағай су электр стансысы өндірісті 0,9 пайызға төмендеткені себеп болған.
Жалпы, бұл салада 9 жаңа өндіріс іске қосылып, 4 өндіріс кеңейтіліп, қосымша 352 жұмыс орны ашылғанымен, Балқаш, Еңбекшіқазақ, Қарасай, Кеген, Райымбек, Талғар және Ұйғыр аудандарында бірде-бір өнеркәсіп нысаны іске қосылмаған.
Ауыл шаруашылығында жалпы өнім көлемі 179,2 млрд. теңгені құрап, республика бойынша екінші көрсеткішке қол жеткізілген. Мұнда егіс алқабы өткен жылмен салыстырғанда 1,7 мың гектарға ұлғайып, 459 мың гектарға жеткенін айта кету керек.
Мал шаруашылығында құс басы өткен жылмен салыстырғанда 7,4 пайызға артқанымен, Қонаев қаласында, Балқаш, Еңбекшіқазақ, Қарасай аудандарында кері кету байқалады. Мал бордақылау, сүт өндіру салаларында да төмендеу тенденциясы байқалады. Облыс бойынша халыққа мал жаю үшін 461,7 жайылымдық жер бекітілгенімен, бұл жалпы қажеттіліктің 29,6 пайызын ғана өтейді. Мұндай жағдай, әсіресе, Қарасай, Талғар, Жамбыл және Іле аудандарында қалыптасып отыр.
Осыдан кейін баяндамашы облыстағы шағын және орта бизнес саласына тоқталып, бұл бағытта 96,7 субъект жұмыс жасайтынын, өткен жылмен салыстырғанда мұндай нысандардың саны 15,4 мыңға артып, 191,6 мың адам еңбекпен қамтылғаны тілге тиек етті. Өлкемізде туризм саласы экономикамыздың басым бағыты ретінде дамып келеді.
Осыдан кейін облыстық ауылшаруашылық басқармасының басшысы Дастан Құдабаев мінберге көтеріліп, өзі жетекшілік жасайтын саланың бүгінгі тыныс-тірлігіне кеңінен тоқталып өтті. Бағаның өсуі тұрғындардың көңіл күйіне кері әсер етіп отырса, қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыру, өлкені индустрияландыру, шағын және орта бизнеске қолдау көрсету мәселелері де өзекті. Бұл жайында кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Алмат Бәкіров баяндады.
Осыдан кейін Қонаев қаласының әкімі Нұрлан Құматаев, Балқаш ауданының әкімі Ғалым Тоқпейісов, Жамбыл ауданының әкімі Нұрлан Ертас, Іле ауданының әкімі Бағдат Қарасаев, Кеген ауданының әкімі Талғат Байеділов, Райымбек ауданының әкімі Нұржан Құдайбергенов, Талғар ауданының әкімі Қайдар Абдыханов, Қарасай ауданы әкімінің міндетін атқарушы Қанат Айманов, Еңбекшіқазақ ауданы әкімінің міндетін атқарушы Алтай Досымбаев, Ұйғыр ауданының әкімі Шухрат Нурахуновтар сөз алып, атқарылып жатқан жұмыстары және баяндамада айтылған кемшіліктерді жою барысында жасалатын шаруалар туралы хабарлама беріп өтті.
Жиынды қорытындылаған Марат Елеусізұлы айтылған кемшіліктер мен болашақтағы міндеттерге тағы бір тоқталып, өңір экономикасын дамытуға бағытталған жұмыс жобасын жұртшылық назарына ұсынды. Соңынан осы жоба бойынша қаулы қабылданды.
Қуат Қайранбаев
Қонаев қаласы
Алматы қаласы





