ҚР Премьер-Министрі Асқар МАМИННІҢ төрағалығымен өткен Үкімет отырысында «Nur Otan» партиясының Сайлауалды бағдарламасын орындаудың Жол картасын іске асыру аясында атқарылған жұмыстар сөз болды. Осы отырыста ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты РАЙЫМҚҰЛОВА мен Білім және ғылым министрі Асхат АЙМАҒАНБЕТОВ бағдарламаның орындалуы жайлы баяндама жасады. Жиынға облыс әкімі Амандық БАТАЛОВ және оның командасы онлайн режимде қатысты.
Баяндамашылардың айтуынша, бүгінгі таңда бағдарлама аясында қыруар шаруа тындырылған. Айталық, Мәдениет және спорт министрлігі «Nur Otan» партиясының Сайлауалды бағдарламасының Жол картасын орындау аясында кешенді жұмыстар жүргізуде. Аталған бағдарламаның 12 тармағы мәдениет, 11 тармағы спорт және дене шынықтыру, 2 тармағы туризм индустриясын дамытуға арналған. Министрлік осы тармақтарда көрсетілген міндеттер негізінде жоспар құрып, өңірлермен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жүргізіп келеді. Нәтижесінде, еліміздің әр өңірінде мәдениетімізді мәйектететін, спорт саласын өркендететін, туризмге қан жүгіртетін бірқатар ауқымды жоба атқарылған. Жол картасы бойынша облыста мәдениетіміздің бет-бейнесін жаңартатын 9 нысан жоспарланған.
– Қазір бұл нысандар туралы толық ақпаратты біліп отырмын. Оның ішінде «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында салынатын нысандар да бар. Жыл соңына дейін барлық жоспар толығымен орындалады деп сенім білдіремін, – деді аймақ басшысы.
Отырыстағы сұраққа арқау болған 9 нысанның 5-і Мәдениет үйі, ал қалғаны саябақтар. Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Марлен Көлбаев 5 нысанның жыл соңына дейін игілікке берілетінін айтса, қалған 4 нысан бойынша конкурс өтіп, тиісті қаржысы бөлініп, жұмысқа кіріскенін жеткізді.
Білім және ғылым министрі Асхат Аймағанбетовтың баяндамасында аймағымыздағы білім шаңырақтарының жай-күйі туралы сын айтылмады. Бұл осы саладағы жұмыстың бәрі орындалды дегенді көрсетпейді. Өйткені, облыс оқушыларын мектеппен қамту әлі де күн тәртібінен түскен жоқ. Құрылысы жүріп жатқан білім шаңырақтары да көп, алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыс жалғаса береді. Сондықтан «Nur Otan» партиясының Сайлауалды бағдарламасының Жол картасында көрсетілген жоспарларды орындау үшін тынымсыз еңбектену керек.
Селекторлық жиын біткен соң Амандық Ғаббасұлы орынбасарлары мен басқарма басшыларынан атқарылған жұмыс туралы есеп алып, алдағы міндеттер туралы сұрап білді. Сондай-ақ, осы аптада арнайы комиссияның мәдениет және білім нысандарын аралап, нақтылы қорытынды шығаруын тапсырды.
– Елбасы, партия лидері Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша біз әр аудан, қалада сайлауалды уәделерді орындау бойынша жол картасын бақылаудамыз. Қол жеткізген нәтижеге қанағаттанбай, тынымсыз жұмыс істеуіміз керек, – деп атап өтті Амандық Ғаббасұлы.
Қажет АНДАС




