Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты биылғы Жолдауын іске асыру жөніндегі шараларды нақтылау үшін Үкімет отырысын өткізген Премьер-Министр Асқар Мамин министрлердің ұсынысын тыңдады.
Кезекпен баяндама жасаған Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев, Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев, Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев, Ауылшаруашылық министрі Ербол Қарашөкеев, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов, Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев, Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов, Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин, Сауда және интеграция вице-министрі Ержан Қазанбаев, Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Серік Егізбаев өздері жауапты саланың жұмысын жандандыруға қажетті тетіктерді саралап, Жолдау жүктеген міндеттерді қалай орындайтындарын жеткізді.
Айтылған мәліметтердің қатарын бір шолған Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев 2022 жылдың 1 қаңтарынан ең төменгі жалақы көлемі 42,5 мың теңгеден 60 мың теңгеге дейін ұлғайтылатынын, зейнетақы жинағының жеткілікті мөлшерінің шегінен асатын бөлігін тұрғын үй сатып алу мақсатында «Отбасы банктің» есепшотына аударуға мүмкіндік берілетінін алға тартса, ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Ерболат Досаев азық-түлік бағасының күрт өсуін болдырмау қажеттігін, Бюджет кодексіне енгізілетін түзетулер әзірленетінін, ауылды жерлердегі шағын және орта кәсіпкерлікке ерекше назар аударылып отырғанын атап өтті.
Одан соң 2021-2022 жылдарға арналған бюджет кірістерін ұлғайту жөніндегі шараларды таныстырған Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев биылғы Жолдауда айтылған қарапайым халықты мемлекет бюджетінің қалай қалыптасатынын қадағалап, қаржылық операциялардың жүруіне қатыстыру бүгінгі заман талабынан туындап отырған мәселе екендігін түсіндірді.
Қысқасы, баяндама жасаған әр министр өзіне тиесілі саланың жұмысын жақсартуға қатысты шаралардың тиімділігін әңгімеледі. Білім, денсаулық, ауылшаруашылық, сауда-саттық, энергетика, қаржы, экология, қазба байлық, ІТ технология, үкіметтік емес ұйымдар, әлеуметтік қамсыздандыру, индус- трияландыру, субсидиялау сияқты аса маңызды бағыттардың жетістігі алдағы уақытта арта түседі. Осы айтылғандардың ішінде елімізде жаңа сипаттағы 1000 мектеп салынатыны көпшілікті қуантқаны анық. Өйткені, бұл білім сапасының артуына елеулі үлес қосады. Себебі, пандемияның кесірінен соңғы екі жылдың ішінде оқушылардың білім деңгейі едәуір төмендеп кеткені ащы да болса шындық.
Осындай мәселелерді тыңдап, Үкімет отырысын қорытындылаған Премьер-Министр Қазақстанның әр өңірінде инфрақұрылымды жаңғыртуға, аймақтық ерекшелікті ескере отырып, халықтың тұрмыс сапасы мен табысын арттыру үшін неғұрлым өзекті мәселелерді шешуге бағытталған нақты жобалар іске асырылатынын атап өтті. Соған орай Мемлекет басшысы Жолдауының барлық бағыттарын іске асыру бойынша биылғы 7 қыркүйекке дейін Жалпыұлттық жоспар әзірленіп, Президенттің бекітуіне енгізілетінін айтқан Үкімет басшысы әрбір мемлекеттік және жергілікті атқарушы орган Мемлекет басшысының тапсырмасы мен бастамасын орындауға дереу кірісуі тиістігін тапсырды.
Алматы облыстық әкімдігінде өткен жиынға төрағалық жасаған облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов жауапты сала мамандарына Президент тапсырмасын орындауға белсенділікпен кірісуді жүктеді.
Мәди АЛЖАНБАЙ




