Көксу ауданында тұрғын үй кезегінде 1277 адам тұр, соның 1044-і Балпық би ауылы бойынша тіркелген. Осыған орай халықты қолжетімді баспанамен қамту мақсатында аудан орталығында 60 пәтерлік тұрғын үй салынуда. Азаматтар осы несиелік үйді «Отбасы банк» арқылы ала алады. Аудан әкімдігінің хабарлауынша, бүгінге дейін 439 адам өзінің төлем қабілеті бар екенін растайтын құжаттарын әзірлеп қойған.
Жобаның құны 1 млрд. теңгеден асады. Қазір кірпіш қалау, монолит жұмыстары кестеге сай жүріп жатыр. Қыста ішкі әрлеу ісіне кіріспек. Жергілікті тұрғындардан жасақталған жұмыс бригадасындағылар 400 мың теңгеге дейін жалақы алады. Тұрғын үй орталық жылу жүйесіне қосылады. Мердігер «Жаркент алғыр» құрылыс компаниясының өкілі Ақиық Ноғайдың айтуынша, тұрғын үй келесі жылдың басында қолданысқа беріледі. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында қолға алынған несиелік үй кезектегі азаматтарға берілмек. Инженерлік-коммуникациялық желісі мен абаттандыруын конкурс бойынша жеңімпаз болып танылған тағы бір компания атқаруда.
Бесқайнар ауылындағы 25 орынды шағын орталығы бар 120 орынды мектеп құрылысы қызу жүруде. «Білім ордасы жоспарланған мерзімінен бұрын бітіп қалады», – дейді мердігер «АК Company» ЖШС өкілдері. Қазір құрылыс-монтаж жұмыстары 80, абаттандыруы 70, ішкі әрлеу жұмыстары 20 пайызға аяқталған. Мұнда 46 адам, 7 техника жұмысқа тартылған. Айта кетсек, бұл компания бұған дейін Талдықорғандағы көпсалалы аурухананы, Оқушылар сарайын, ІТ мектеп-лицейін салып, Студенттер үйіне жаңғырту жұмысын жүргізген болатын.
Ал Ақшатоған ауылындағы күніне 20 науқасты қабылдайтын фельдшерлік-акушерлік пункт құрылысы да белгіленген кесте бойынша жүріп келеді. Қазір 15 жұмысшы нысанның ішін, 9-ы сыртқы абаттандыру жұмысын жүргізуде. Құрылыс жұмысы 80 пайызға бітіп тұр, қазан айының соңына дейін құрылысты толық аяқтау жоспарланған.
Қажет АНДАС,
Көксу ауданы
Жетісу облысы





