Мәскеуде екі айлық оқуда болып, желтоқсанның 16 жұлдызы күні Алматыға ұшып келдім. Әуежайда жолыққан белгілі қоғам қайраткері, жазушы, журналист Уәлихан Қалижанның: «Бекен аға, естідіңіз бе, жастар Орталық алаңға жиналып, бірінші хатшы болып сайланған Колбиннің кандидатурасына наразылық білдіріп жатқан көрінеді. Қазақстаннан ешкімді таппағандай Ресейдің Ульяновск облысынан әкеліпті», – деп жақтырмай сөйлеп тұрғанын байқадым.
Уәлихан бірнеше күннен бері Орталық комсомол комитетіндегі барлық бөлімдерден өтіп, бюроның қаулысымен «Лениншіл жас» газетіне бас редактор болып бекіпті. Қуанғанымнан құшақтап бетінен сүйіп: «Айналайын інім, Алла тағала өзіңе мықты денсаулық берсін, жұмысың оңынан болсын. Бұл қызметіңнің шегі болмасын, бұдан да жоғары лауазымдарға жете бер», – деп батамды бердім. Ақ батамды Жаратқан оң көрді-ау деймін, Уәлихан інім бұдан кейінгі жылдары да ел сенімін ақтап, дәйім биіктерден көрініп жүрді.
Әуежайдан Бақытжан балам қарсы алды. Көше толы халық. Балам кісі аздау көшелермен жүріп үйге әкелді де: «Папа, айналадағы бірнеше мәшиненің терезесін сындырып кетіпті. Мәшинені басқа жаққа қойып, тез қайтып келемін», – деп шығып кетті.
Ол кезде біз Орталық алаңға жақын жерде, Күләш Байсейітова көшесіндегі №40 үйдің төртінші қабатында тұратынбыз. Бірден балконға шықтым. Алаң толы адамдар, қолдарын көкке сермеп, баскиімдерін жоғары лақтырып айқайлап жүр. Не айтқандарын ести алмадым.
Бірден байқағаным – алаңның төңірегін қоршаған қара киімді солдаттар. Жай киінген «белсенділердің» бірқатары қолдарына темір арматура ұстап алыпты. Кейбіреулері темір таяқшаны жоғары көтеріп «Сендерге көрсетемін» дегендей бірдеңе деп айғайлайды. Үкімет үйінің батыс жағынан қаз-қатар тұрған жабық автокөліктер мен бронетранспортерлер көзіме шалынды.
Балаларды үйден шығармай ұстап отырмын. Бір кезде Шолпан деген қызым мен келінім Гүлмира екеуі: «Алаңға барып шет жағынан болсын көріп келейікші», – деп рұқсат сұрады. «Жарайды, бірақ ол жерде көп болмаңдар, көпшіліктің арасына кіріп кетпеңдер, біреу болмаса біреудің қолы тиіп жүрмесін», – деп келісімімді бердім.
Бір сағаттай уақыт өткенде екеуі үйге жүгіріп кірді. Үсті-бастары малмандай су, бет әлпеттеріне қарасам егіліп жылаған тәрізді. Өксіктерін әлі баса алмай тұр. Сұрастыра келіп білгенімдей, топ болып жүрген жастарға су таситын, көше жуатын мәшинелермен су шашыпты. Сол кезде биіктеу жерге шығып алған Шолпан: «Что вы делаете, это беспредел!», – деп айғай салады. Соның арасынша жақындап қалған мәшиненің бірі екеуін тағы да суға малшындырып өткен. Гүлмира Шолпанның етегінен тартып түсіріп алып екеуі үйге қарай қашады.
Қызым мен келінімді жұбатып бола бергенде манадан бері балконнан қарап тұрған Дархан бөлмеге жүгіріп кірді. «Не деген сұмдық, жастарға барып қосылайын, мен де жігітпін ғой», – деп тап бергелі тұр. Оны әрең тоқтатып: «Балам, сен әлі жассың, 9-сыныпта оқисың. Барғанда не істемексің, мына әпкең мен жеңгеңнің көргенін көрмекпісің?!», – деп есікті ішінен жауып, кілтін қалтама салып алдым.
Өзімнің де денем қалтырап, толқып әрең тұрмын. Амал қанша, қолдан келер шара жоқ. Шыдай алмай қайтадан балконға шыққанда тағы бір сұмдық көрініске куә болдым. Айғайлап жылап, қашып келе жатқан 18-20-лардағы жас қызды қара киімді үш солдат ұстап алды. «Жіберіңдерші, үйге қайтамын», – десе де жібермейді. Қыз бір кезде жұлқынып босап шығып тереңдігі жарты метрдей су құбырынан секіріп өтпекші болған кезде екінші бетіне жетпей құлап түсті. Қуып келе жатқан солдаттар қас қылғандай қыздың үстіне секіріп түсіп жатыр. Байғұс қыздың шырылдағанына қараған ешкім жоқ, сүйретіп апарып көшенің арғы шетіндегі мәшиненің жабық кузовына лақтырып жіберді. «Айуандар-ай!» деп тістенгенде көзімнен жас шығып кетті.
Бір кезде Абай көшесімен күншығысқа, Фурманов көшесіне қарай бара жатқан адамдарды көрдім. Барлығы қосылып «Менің Қазақстаным» әнін айтып бара жатты. Көңілім тағы да толқып кетті. «Жарайсыңдар, бәріңді Алла қолдасын», деп күбірледім.
Алаң жаққа қарадым. 5-6 адам мінберге шығып бірдеңе айтпақшы болып еді, жиылғандар айғайлап сөйлетпеді. Бір кезде бәрі қосылып: «Қонаев, Қонаев» деп айғайлады.
Солдаттар, оларды нақтылап «жендеттер» дегеніміз дұрыс болар, айуандықтарын тоқтатар емес. Көз алдымда тағы бір жас жігітті ұрып-соққан күйде сүйретіп әкеліп мәшиненің кузовына лақтырып жіберді.
Желтоқсан айында күн қысқа, қараңғы тез түседі. Түні бойы айғай-шу, иттің абалаған дауыстары, «Отпустите!» деген дауыстар шығып жатты. Таң ата қабырғаға жағылған, жол үстіне ұйыған қанды көріп жендеттерге тағы қарғыс айттық.
Өз көзіммен көрген мұндай сұмдықтарды еске түсіргенде қазір де көзіме жас келеді, сол жайлы жазып отырып та көзімнен жас шығып кетеді.
Сол жылы Меңдібаев Колбиннің айтуымен Димаш ағаға жақын деген желеумен мені партия қатарынан шығарып, жоғарыда айтылған үйімнен босатқан болатын. «Аққа құдай жақ» дегендей, екі жылдан кейін өтілім сақтала отырып партия билетімді қайтып алдым. Өз қызметіме де қайта отырып, 1995 жылы Қазақстанға еңбегі сіңген зейнеткер ретінде құрметті демалысқа шықтым.
Сол күндері көргенімді айтып, жазып тауыса алмайтын сияқтымын. Бұл күні талай боздақ қыршынынан қиылды, екінші жағынан 16 желтоқсан батырлық салтанат құрған күн болды. Сол батырлар болмаса бүгінгі бақытты заманымызға жетер ме едік, кім білген?!. Сондықтан да олардың ерлігін ешқашанда ұмытпауымыз керек.
Жастарымыз осы қаһармандықтарымен бұрынғы кеңес еліндегілерге жол көрсетті, сол үлгі арқылы тәуелсіздік жолындағы үлкен күрес басталды. Өзге республикалар өкілдері баспасөзде де, өзара әңгіме барысында да қазақтарға рахмет айтып, шын көңілден шыққан ризашылықтарын білдіріп жатты.
Ендігі бір ескеретін жайт – сол жастардың біразы әлі күнге дейін жоғары орындардан тиісті құжаттарын, жеңілдік құқықтарын ала алмай жүр. Олар бүгінде зейнет жасына жетті, соған орай оларға тиісті жеңілдіктер де жасалуы тиіс емес пе?!
Желтоқсан көтерілісіне қатысқан жастар – нағыз қаһармандар. Ендеше оларға лайықты құрмет көрсетіліп, ардақталынуы тиіс деп есептеймін.
Бекболат Тұрысжанов,
Алматы облысының және Жамбыл ауданының
Құрметті азаматы,
Қазақстанның құрметті
зейнеткері, тыл ардагері





