«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, Талдықорған қаласындағы Барлыбек Сырттанұлы атындағы №25 орта мектеп базасында апробациядан сәтті өткен «Жыр алыбы – Жамбыл» авторлық бағдарламасы өзінің қажеттігі мен өміршеңдігін дәлелдеді. Миллион жолды мүдірмей жатқа айтатын жырау, суырыпсалма ақын, қазақты ғана емес, әлемді таңдай қақтырған Жамбылдың бай мұрасын жалпы бағдарламадан тыс қосымша оқыту шәкірттерді әдебиет әлеміне қызықтырып, рухани жетілдіре түсті. Жамбыл шығармашылығының басты ерекшелігі – оқырманын поэзия әлеміне елітіп қана қоймай, туған жер мен ел тарихының сырына қанықтырып, сол арқылы оқушы бойында отаншылдық рухты шыңдады. Жырау шығармашылығының өзегі –ел бірлігі мен тұтастығы. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ 2021 жылғы 5 қаңтардағы жарияланған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында айтылған ұлттық құндылықтарды таным мен тағылым тұрғысынан бағамдауды Жамбыл жырлары арқылы жүзеге асырса болады. Осы тұрғыдан алып қарағанда қуатты, тегеурінді жыр алыбы Жамбылдың шығармалары тәуелсіз Қазақстанның жасампаз істерімен үндесіп жатыр.
Жамбыл шығармашылығын авторлық бағдарлама арқылы тереңдетіп оқытудың көл-көсір пайдасы бар. Бағдарлама барысында қазақ халық поэзиясының алыбы, айтыскер ақын, сазгер, жырау Жамбылды сан қырынан таныған оқушылар сөз қадірін жоғары бағалауды, адамгершілік құндылықтарды қастерлеуді, туған елі мен жеріне құрметпен қарауды үйренеді. Шәкірттер ақын шығармаларын талдай отырып, қайталанбас феномен Ж. Жабаевтың қазақ әдебиетінде алатын орнын ерекше бағамдайды. Жамбылдың рухани мұраларына терең таныммен қарай отырып, оқушылардың поэзияға деген қызығушылығын оятады. Оқушылар тиімді білім технологияларын қолдана отырып, поэзияны талдау дағдысын жетілдіреді. Оқушылар Жамбылдың асыл қазынасына бойлай отырып, өз бойларындағы шығармашылық қабілеттерін дамытады. Өмірімен, өнерімен де кейінгіге үлгі болған Ұлы Дала жыршысының шығармашылық мұрасын зерттеп-зерделеу жас ұрпақ бойына қазақи болмыс, елжандылық, биік рух қалыптастырады.
Жоғар сынып оқушылары «өз менін» қалыптастыру кезеңінде. Олардың әлемі бүгінгі ақпарат ағыны толассыз ағылған уақытта түрлі көзқарастар мен идеяларға толы. Осы орайда аға буынның міндеті – жастарға дұрыс бағдар беріп, көкірегіндегі асыл құндылықтарды қалыптастыру. «Жыр алыбы – Жамбыл» авторлық бағдарламасы – осы мүддеге жауап беретін құнды еңбек. Уақыт сынынан сүрінбей өткен ұлы бабамыздың шығармашылығына бойлау арқылы бүгінгі ұрпақ та өз идеялдарын табады.
Жақын арада киелі сахнаның сәнін кетірген шараны көріп жаға ұстадық. Көк байрақты умаждап ұстап, аузына келгенін айтқан жастардан не қайыр?! Ондайларды ел алдына шығармау керек. Жастарды ұлттық құндылық, ата-баба салтымен тәрбиелеуіміз керек. Қазақтың бай өнерін бойларына сіңіріп, елжандылыққа тәрбиелеу – басты міндет.
Сөз қадірін білетін, ішкі мәдениеті қалыптасқан адам арзан даңғазаға бой алдырмайды. Ал «Менің пірім Сүйінбай, сөз сөйлемен сиынбай» деген Жамбылдың нәрлі жырына қанып, Сұраншы-Саурықтың ерлігін өнеге тұтқан жастар жөн білмес есерлердің тыңдарманына айналмайды деп ойлаймын. Халқымыздың бай қазынасының сақтаушысы болған Жамбыл мұрасын ұрпаққа кеңінен насихаттау жаһандану желі жан-жақтан түрлі ағым әкелген қазіргі кезде жас буынды болмысынан адастырмас құрал деп айта аламыз.
Жалпы бағдарламада Жамбыл жырларын кеңінен қарастыруға уақыт шектеулі болса, «Жыр алыбы – Жамбыл» авторлық бағдарламасына сай ұлы жыраудың дастандарын, айтыстарын кеңінен талдауға мүмкіндік алып, төл тарих пен ұлттық құндылықтарды жастар санасына сіңіре түсеміз. Материалды қызғылықты талдаудың түрлі әдіс-тәсілдері қарастырылған бағдарламада SWOT талдаудан бастап «РАФТ» әдісі, «Бортты журнал» әдісі, «Фишбоун» әдісі, «Шебер жазушылық» әдісі, «Қайталау сұрақтары» әдісі, «Қосымша сұрақтар» әдісі, «Дөңгелек үстел» әдісі, «Үш қадамды сұхбат» әдісі, «Әдеби эстафета» әдісі, «Көшпенділер» әдісі, «Екіжақты күнделік» әдісі сынды инновациялық тәсілдер қолданылады. Аталған әдіс-тәсілдердерді жетік қолдану оқушының ақпаратты өңдеу, сыни ойлау қабілетін дамытады. Азат елдің азаматы ең алдымен азат ойлы болу қажеттігін ескерсек, сыни ойлау қабілетін дамыту бүгінгі күннің басты талабы екендігі даусыз.
«Өтеген батыр», «Сұраншы батыр», «Көрұғлы» сынды дастандар, Жамбылдың айтыс өнерінің эталонына айналған айтыстарымен толық танысып, талдау оқушыларды тапқырлыққа, өжеттілікке, ерлік пен елін сүюге тәрбиелейді. Сондай-ақ, ер балаларды намысқой, бір сөзділікке баулуға әсер етеді. Бүгінгі таңда ер мінезінің ұсақталып, жігітке айбын мен қайрат жетіспей жататындығы шындық. Жыр жаттап өспеген балалардың санасында еліктер ердің бейнесі қалыптаспайды. Ал батыр бабаларының өшпес ерлігі жанын тебіренткен шәкірттер, елім деген ердің бейнесін өздеріне үлгі етіп алады. Абыз жыраудың дастандары намысты қайрап, рухты қамшылаумен бірге, тілі көркем, ұйқасы үйлесімді болғандықтан жаттауға жеңіл келеді. Ғалымдардың дәлелдеуінше, жыр жаттау адамның танымын кеңейтумен қатар миының дамуына оң әсер етіп, есте сақтау қабілетін жақсартады. Аптасына бір сағат «Жыр алыбы–Жамбыл» авторлық бағдарламасын оқыту – жас ұрпақтың тәлім-тәрбиесі, тұлғалық дамуына септігін тигізетін оң бастама.
«Жыр алыбы–Жамбыл» бағдарламасының алғашқы нәтижелері Жамбыл Жабаевтың туғанына 176 жыл толуына орай өткен «Жыр алыбы – Жамбыл» атты әдеби кеште көрінді. Кешті ұйымдастырған мектеп оқушылары ақын жырларына ұқсап, ақ алмастай жарқылдап сахнаның сәнін кіргізді. Жас өнерпаздар Жамбыл бабасының жыр бұлағынан қанып ішіп, жүз жасаған дана қарттың өнегесін өн- бойына сіңіргенін байқатты. Жамбыл шығармашылығына бойлау оқушыларға қосымша білім берумен қатар, олардың өз бойындағы бұғып жатқан тұлғалық қабілеттерінің бас көтеруіне, тың болмыстарын ашуға көмектескені айқындалды. Сондай-ақ Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында өткен «Мен оқыдым, сен де оқы!» кітап жарнамасында шәкірттердің Жамбыл шығармашылығына ден қойып қызыққаны анық байқалды. Авторлық бағдарлама шәкірттердің кітап оқуға деген қызығушылықтарын арттыруға себеп болды. Жаңа заманның бізден сұрары шығармашылық қабілеті жоғары, тыңнан түрен сала алатын еркін ойлы, тарихына тағзым ете білетін саналы тұлғалар. Бұл бағдарламаны сыннан өткізу кезінде «Жыр алыбы – Жамбыл» авторлық бағдарламасының білім беру ісінде осынау мүддеге жеткізер таптырмас мүмкіндік екендігі анықталды.
«ХХ ғасырдың Гомері» атанған Жамбыл бабамыз қашанда ел мүддесін жоғары қойып, шындықтың шырылын жеткізетін халықтың үні болған. Ақынның бай мұрасымен кеңінен танысу Жамбылды ғана емес, Жамбыл арқылы қазақты тануға әкеледі. Жас ұрпақ жыр дариясына бойлай тұрып өзінің тамыры тереңге кеткен алып бәйтеректің бір бұтағы екендігін ұғынады. «Жыр алыбы – Жамбыл» авторлық бағдарламасы «Мәңгілік ел» боламын деген биік мүдденің жолына қаланған кірпіш тәрізді. Сондықтан еліміздің әр мектебінде бұл бағдарлама кеңінен оқытылып, жас жүректің алауын Жамбыл жырларымен жақсақ нұр үстіне нұр болар еді. Бұл бағдарлама қажеттілігі жоқ құр уақыт өткізу емес, құндылығы мол дүние екендігін алғашқы сыннан өткен жылы-ақ көрсетті. Азаттықтың ақ таңы арайлап атқан шақта қазыналы қарттың жыр сандығынан керегімізді алып, жас ұрпақтың тәлім-біліміне жұмсай білсек тәуелсіз елдің тұлғаларын тәрбиелей аламыз.
Ғалия Нұрқасым,
Талдықорған қаласы
Барлыбек Сырттанұлы атындағы №25 орта мектептің
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі.





