Әскерилер келген қонақтарға ізетпен амандасып, әуелгі күйлеріне қайта оралды. Қауқылдасып өткен күндерінен естелік айтып, қызық тұсында емен-жарқын күлісіп, мәз-мейрам. Бір сәтте іштеріндегі бидай өңді, кең маңдайлы жігіт қолындағы қара гитарасын қағып-қағып жіберіп:
Сұқтанам, сұқтанамын,
Жап-жасыл айналаңа.
Бірақ та соның бәрі,
Тең келмес саған, жаным…
И – иии – иии, – деді де әнші Нұрым Қуаныштың әнін әуелете жөнелді. Жаңағы сарбаздар ән қайырмасына келгенде бірі қалмай қосыла шырқады. Әуелеген әуеннің әсері мүлде ерекше. Жас жауынгерлер жапа-тармағай айтқандықтан ба, әннің ырғағы бір мезетте сан құбылып, құлақтан кіріп бойды алғандай болды.
Жігіттер әрмен қарай отырыстарын қазақша попурримен жалғастырды. Біз де ретін тауып бағанағы гитара шертетін жігітті сұхбатқа тарттық. Әңгімесін тыңдадық. Ол сөзін: «Өнер мен әдеби туындылар жауынгерлердің әскери рухын көтереді», – деп бастады. Онысын жоққа шығармайтынымызды жеткіздік.
– Қазақ халқы өнермен біте қайнасып туған ел ғой. Ата-бабамыздың өлең оқып, ән айтқаны шындық болса, біздің де сол дүниеге жақын болуымыз заңдылық деп білемін. Халықтың ойында әскерде тек әскери әуендер ғана шырқалады деген стереотип қалыптасқан. Ол қате ұғымның бірі. Осылай қолымыз босап, тынығатын уақытта эстрадада шырқалып жүрген әндерді айтамыз. Саптық дайындықта көбіне «Асыл текті туған», «Қазақ сарбазы», «Алға, қазақ жігіттері!» сияқты басқа да патриоттық әндерді шырқаймыз, – дейді 54380 әскери бөлімінің ұтқыр торап байланыс батальоны қосалқы басқару байланыс пункті ротасының Р161 А2 радио стансысының жүргізуші-электрик маманы, қатардағы жауынгер Арлан Балтабеков.
Арлан Балтабеков гитарада ойнауды мектеп қабырғасында жүргенде үйренген. Өнерге бейімділігін байқаған әпкесі оған арнап жеке гитара сатып әпереді. Бұрын домбырада ойнап жүргендіктен гитара шертуді оңай меңгеріп алыпты. Қатардағы жауынгер қазіргі уақытта 50-ге жуық ән біледі.
– Мен Талдықорғанда туып-өстім, оқыдым, білім алдым. Туған жерімде Отан алдындағы борышымды өтеп жатқаныма қатты қуанамын. Әскери өміріміз өте керемет. Мына бөлімге келгелі бері басымыздан небір қызық оқиғалар өтті. Әуелі нағыз ер-азамат болуды үйрендік. Қарапайым адамдар бұл жақтағы өмірді басқаша елестетеді. Негатив жаңалықтарды естіп алып үрейленіп жүреді. Әскер деген ең бірінші тәртіп. Тәртіп бар жерде жеңіс бар, – дейді ол.
Сарбаздардың күйлері де, жайлары да жақсы екенін шырқаған әндерінен байқадық. Қас қарайғанша жандарында болып, оқу-жаттығуларын көрдік. Абыройдың ақ туын жықпай тік ұстап жүрулеріне тілекші екенімізді жеткізіп, келген жағымызға кері қайттық.
Медет ЖҰМАБАЙ