Оның іңгәлап, жарық дүние есігін ашқан күні 14 наурыз. Өзі айтқандай, жыл сайынғы туған күні жаңару айымен тұспа-тұс келеді. Адамның адаммен, жылдың жылмен көрісіп, қауышқан шағында өмір есігін ашқан кейіпкеріміз биыл 48-ші туған күнін атап өтуде.
Бала шағынан анасының аузынан естіп, құлағдар болған, кейін Мәшһүр Жүсіптің жазбасынан оқып білгені туралы ол: «Бір жасың құтты болсын!» деп тілек тілеу ата-бабаларымыздың әр адамның туған күнін жеке-жеке тойламайтындығының дәлелі дейтін анам. Жаңа жылда бір жас қосылатыны анық. Сондықтан, осы күні ғана адамдар бір-біріне «Жасың құтты болсын!» деп тілек тілейді екен. Мұны естігенімде: «Сонда маған бір емес, екі жас қосыла ма?» дейтін едім күліп. Ал мектеп жасында Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің жазбаларынан: «14 наурыз, ескіше 1 наурыз көктемнің бірінші күні деп қазақ «Наурыздама» тойлайтын еді» дегенді оқыдым. Расында басқа амалдар тойланбаса да ең ерекше амал 14 наурыз тойланып, салт-дәстүрге ұласып, ұлыстың ұлы мерекесіне айналды. Сондықтан әр жыл сайынғы туған күнім Көрісу деген тамаша дәстүрмен астасатынына қуанамын. Бұл күні жеке менің ғана емес, бір-бірімен көңіл сұрасатын, алысты жақындатып, өкпені кешіретін, татулықты арттыратын – Көрісу мерекесі. Бала кезімізде мұның мәнін жете түсінбесек те амал мерекесіндегі жөн-жоралғыларды көріп өстік қой. Достарым маған ғана емес, мен оларға да: «Бір жасыңмен» деп құттықтауды әдетке айналдырғалы қашан?! Олай болса, Жыл құтты болсын, ағайын!», – деп ағынан жарылды бастауыш пәнінің мұғалімі Гүлнұр Өмірзаққызы.
Наурыз мейрамының басы саналатын Көрісу күні дүние есігін ашқан кейіпкеріміз Гүлнұр мен барша жанға «Бір жасыңыз құтты болсын!» дейміз.
Сарби ҚАСЫМБЕКҚЫЗЫ
Фото: Ашық дерекөз