Талдықорған қаласы, «City Plus» орталығында Ұлттық кітап және кітапханашылар күніне орай «Кітап – уақыт машинасы» атты әдеби time-travel форматындағы тағылымды кеш өтті. Шараны «Талдықорған қаласының орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» КММ ұйымдастырып, көпшілікті рухани әлемге жетеледі.
Тағылымды жиынға елге белгілі қалам иелері мен зиялы қауым өкілдері қатысып, ой бөлісті. Олардың қатарында Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі, «Еңбек ардагері» медалінің және «Еңбек адамы» төсбелгісінің иегері, балалар жазушысы Жұмабала Балақаранова, Қазақстанның Құрметті жазушысы Нүсіпбай Әбдірахым, «Қазақстанның Құрметті азаматы» медалімен марапатталған қаламгер Нұржан Кәпқызы, «Алтын тобылғы» әдеби сыйлығы мен «Алтын қалам» иегері, жазушы Есболат Айдабосын, Республикалық «Серпер» сыйлығының лауреаты Жеңіс Жолдыбаев және Алтын алқа» иегері Лида Жанбота бар.
Басқосуда сөз алған Қазақстанның Құрметті жазушысы Нүсіпбай Әбдірахым өңірдегі кітап оқуға деген ықыластың артып келе жатқанын атап өтті.
– Кітапқа деген бетбұрыс Жетісу өңірінде анық аңғарылады. Бұған нақты дәлел «Егемен Қазақстан» газетінің облыстағы меншікті тілшісі Мұхтар Күмісбек пен «Jetisý» газетінің бас редакторы Жұматай Оспанұлы бастамашы болған «Мизам» жылжымалы әдеби мектебі. Бұл – ел руханиятына қызмет ететін салмақты іс, – деп жиналған қауымды мерекемен құттықтады.
– Бүгінгі ұрпақтың қолына кітап ұстату – ұлттың ертеңіне жол ашу. Кітап оқыған бала ойлы болады, тілі байиды, дүниетанымы кеңейеді. Осындай тағылымды шаралар жас буынды руханиятқа жақындатып, жүрегіне ізгілік дәнін себеді. Кітапхана тәрбиенің, білімнің, мәдениеттің алтын ордасы, – деді балалар жазушысы Жұмабала Балақаранова.
Сондай-ақ, кештің көркін қыздырған кітап жәрмеңкесінде отандық баспалар мен кітап дүкендері өз туындыларын насихаттады. «Атамұра», «Кітап-Amanat», «Мазмұндама» баспасы, «Байлық кітапта» онлайн дүкені мен «Saybooks.kz» алаңдары мазмұны бай, сапасы жоғары басылымдарды көпшілік назарына ұсынды.
Көрме сөрелерінде «Жасанды интеллект – 2026», «Қазақ әдебиеті», «Әлем әдебиеті», «Балалар әдебиеті», «Тарих және таным» бағыттарындағы еңбектер топтастырылып, оқырманға кең таңдау мүмкіндігін берді. «Коворкинг» аймағында өткен әдеби time-travel қатысушыларға еркін форматта кітап оқып, пікір алмасуға, шығармашылық жобаларға қатысуға жол ашты.
Балалар мен жасөспірімдерге арналған танымдық байқаулар да кеш мазмұнын байыта түсті. «Оқырман Talk – Book Mic» алаңында жас талапкерлер сөз өнерін сынаса, «Music Portal» ойыны өнер мен тапқырлықты ұштастырды. «Кітаптар экранға шыққанда» атты BookLoto Cinema жобасы әдебиет пен киноны сабақтастырып, ерекше қызығушылық тудырды. Ал «Кітаптан туған бейне» шығармашылық алаңында балалар өз қиялындағы кейіпкерлерді бейнелеп, өнерлерін паш етті.
Осылайша, мазмұны бай кеш рухани жаңғырудың өзегі екенін тағы бір мәрте айқындады.
Г. СЕЙІЛХАНОВА
Өтенай ауылдық кітапханасының қызметкері





