Наурызнаманың онкүндігі аясында «Шаңырақ күніне» орай Талдықорғанның 8-шағынауданында «Самұрық Қазынаның» қолдауымен әлеуметтік жағынан осал топтағыларға, «Алтын алқа», «Күміс алқа» алғандар, көпбалалы отбасылар мен ата-ананың қамқорлығынсыз қалғандарға 60 пәтердің кілті берілді. Баспана қуанышына облыс әкімі Бейбіт Исабаев пен қала әкімі Ернат Бәзіл ортақтасты.
Облыс әкімі Бейбіт Исабаев өз сөзінде «Тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету – халықтың тұрмыс-жағдайын жақсартудағы басты бағыттың бірі. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жыл сайын тұрғын үй құрылысының көлемін арттырып келеміз. Былтыр үй берудің барлық бағыты бойынша Талдықорғанның өзінде 1283 отбасы баспаналы болса, биыл 1500-ге жуық отбасыға пәтер кілтін табыстамақпыз. Жыл басынан бері бүгінге дейін 188 отбасы үйлі болды. Биыл 14 үйдің құрылысы аяқталып, 1041 пәтер, 257 коттедж салынады және әлеуметтік осал топтағы азаматтарға 150 пәтер сатып алынады. Бүгінгі қоныстой құтты болсын!», – деді.
– Дәл қазіргі сәтте банкте жұмыс істеймін. Үш баланың анасымын. Кіші ұлым биыл 10-ға толады. Ал үй кезегінде 13 жыл тұрдым. Үлкен ұлым бөлек, біз бөлек тұрып жүрген едік, енді үш бөлмелі пәтерде бірге тұратын боламыз. Мемлекет басшысына, облыс әкіміне аналық жүрегіммен алғыс айтамын, – дейді Надежда Сухомлинова.
«Самұрық-Қазына» АҚ тапсырыс беруімен салынған бес қабаттан тұратын жеті үйде 420 пәтер (1 бөлмелі – 105 пәтер; 2 бөлмелі – 105 пәтер; 3 бөлмелі – 210 пәтер) бар. Ауданы – 32 253 ш.м. «Шаңырақ күніне» орай 60 пәтердің кілті тұрғындарға салтанатты түрде берілді.
Аймақ басшысы бас сұққан бірінші үйдің иесі Жазира Ерназарова. Ол І топтағы мүмкіндігі шектеулі жан. Бүгінде екі баланың анасы болып отырған Жазира 13 жыл үй кезегінде тұрып жеткен қуанышына әлі де сене алар емес. Бейбіт Өксікбайұлы отбасына арнайы естелік сыйлық ұсынып, тілегін айтты.
– Үй кезегінде 17 жыл тұрдым. Төрт баламның екеуі қайтқан. Соларды жеткіземін деп үйден үйге көштім, жұмыстан жұмыс ауыстырдым. Міне, биыл 90 жасқа толамын. Тыл ардагерімін. Өзім І топтағы мүгедекпін. Үй беріп қуантып жатқандарына рақмет! Екінші қабаттан екі бөлмелі пәтердің кілтін алдым, – дейді Ғайни Қаниева.
Жалпы Талдықорғанда 15 мыңнан астам адам үй кезегінде тұр. Әкімнің баяндамасында былтыр сол кезек 8,3 пайызға азайғындығы айтылды. Жоспар бойынша жыл сайын 1300-1500 пәтер беріліп келеді. «Береке» қалашығындағы үйдің құрылысы аяқталуға жақын болса, «Жастар-3» шағынауданында жаңа пәтер салынбақ.
– Үй кезегінде тұрғаныма 13 жыл болды. Үш балам бар. Мүмкіндігі шектеулі баланы өсіріп отырғаннан кейін жайлы баспананың болуы маңызды. Ұзақ жыл жер үй жалдап келдік. Бүгін қолымызға пәтердің кілті тиіп, риза болып тұрмын. Бәрінен бұрын балам үшін қуаныштымын, – дейді Гүләйім Әбілхамиева.
Серік ҚАНТАЙ
Фото: Жеңіс ЫСҚАБАЙ