Кітап – адамзаттың жадын сақтаған ұлы қазына. Сол қазынаны ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп келе жатқан жандар кітапханашылар. Қазақстанда жыл сайын 23 сәуірде атап өтілетін Кітапханашылар күні руханият қызметкерлеріне көрсетілген айрықша құрметтің белгісі.
Бұл күннің мазмұны терең. Ол тек кәсіби мереке деңгейімен шектелмейді, кітап пен оқырман арасындағы байланысты нығайтатын маңызды рухани кезең саналады. Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінің бастамасымен Кітапханашылар күні Ұлттық кітап күнімен біріктіріліп, ЮНЕСКО бекіткен Халықаралық кітап және авторлық құқық күнімен тұспа-тұс келеді. Осылайша бұл дата кітапқа, білімге және зияткерлік еңбекке деген құрметтің кең ауқымын айқындайды.
Облыстағы кітапханалар желісі бүгінде аймақ тұрғындары үшін білім мен руханияттың негізгі тіректерінің біріне айналып отыр. Облыс бойынша мемлекеттік жүйеге қарасты 150 кітапхана жұмыс істейді. Оның ішінде 1 облыстық, 8 аудандық, 6 қалалық, 127 ауылдық және 8 балалар кітапханасы бар.
Қазіргі таңда кітапханалар қызметін 200 мыңнан астам оқырман пайдаланады. Жалпы кітап қоры 3 миллионға жуық, соның ішінде мемлекеттік тілдегі әдебиеттер саны 1 миллионнан асады. Бұл көрсеткіш өңірде ана тіліндегі мазмұнның қолжетімділігі артып келе жатқанын аңғартады.
– Кітапханашының міндеті – оқырмандардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру. Бүгінде облыстық С.Сейфуллин атындағы кітапханамызға көптеген оқырман тобы келіп тұрады. Жалпы адамдарды кітап оқуға қызықтыру үшін көп кітап қоры болу керек. Осы ретте біз өткен жылы оқырмандардың сұранысын қанағаттандыратындай 2 мың дана туындымен қорымызды толықтырдық. Қазіргі уақытта балалардың да кітап оқуы үшін әртүрлі жанрдағы балалар әдебиетін алып жатырмыз. Кітапхана ісі қызығы мен қиындығы қатар жүретін сала. Қандай да бір оқырманның сұранысын қанағаттандырғаннан ләззат аламыз, – дейді осы салада 30 жылдан аса қызмет етіп келе жатқан оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің кітапханашысы Гүлнәр Шегенова.
Кітапханашылардың еңбегі көбіне көзге түсе бермейді. Дегенмен әрбір табылған дерек, әрбір оқылған кітап сол маманның ізденісі мен жауапкершілігін аңғартады. Олар оқырманды ізденіске жетелейді, таным көкжиегін кеңейтеді.
Бұл күні ел көлемінде түрлі мәдени іс шара ұйымдастырылады. Кітап көрмелері, әдеби кездесулер, оқырман басқосулары арқылы кітаптың қадірі насихатталады. Мұндай бастамалар жастарды оқуға баулуға серпін береді.
Кітапханашылар күні рухани құндылықтарды дәріптейтін ерекше сәт. Кітап бар жерде ой дамиды, кітапханашы бар жерде бағыт айқындалады.
Ясин ОРАЛБЕК





