Наурызнаманың онкүндігіне сай елімізде 18 наурыз — Ұлттық киім күні. Осыған байланысты Талдықорған қаласында әр ұлт өкілдерінің қатысумен ұлттық киім үлгілері ұлықталды.
Жетісу облысының орталық алаңында өткен мерекелік шара ұлт құндылықтарын кеңінен дәріптеп, бірлік пен татулықты нығайтып, мәдени әр алуандықты танытуға бағытталған. Жиналған жұрт алдында сөз алған Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзіл аймақ тұрғындарын мерейлі мерекемен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы жақындағы Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде:
– Ұлттық бірегейлігімізді нығайту жолында мәдениет саласы айрықша рөл атқарады. Наурызнамадағы «Ұлттық киім күні» қоғамның зор қолдауына ие болды. Ұлттық киімдерге деген қызығушылық арта түсті. Мектептерде, түрлі мекемелерде, сондай-ақ, ірі компанияларда ұлттық киімге мән беріле бастады. Сұранысқа сай тігін цехтары ашылып, жаңа брендтер, дүкендер пайда болды. Осылайша, ұлттық киім кию біртіндеп қалыпты көрініске айналып келеді. Бұл – өте жақсы үрдіс. Бет-жүзді тұмшалайтын қара киімнен гөрі өзіміздің ұлттық киімдеріміз әлдеқайда артық. Әсіресе, әйелдердің дәстүрлі киімі өте ғажап көрінеді. Себебі ұлттық киім бұл – біздің бірегей ұлттық болмысымыздың маңызды көрінісі. Оны жан-жақты дәріптеуіміз керек,– деп айрықша атап айтқан болатын.
Мерекелік думанға қатысушылардың сөзінше, наурыз мейрамына орай қаладағы безендіру және әрлеу жұмыстарына айрықша мән беріліп, орталық алаң ұлттық нақышта көмкерілген. Бұл сән-салтанат көптің көңілінен шығып, мереке ажарын аша түскендей болды. Сонымен қатар осы айтулы күн әрбір қазақстандықты өз мәдениеті мен ұлттық бірегейлігін мақтан тұтуға, ата-бабаларымызға құрмет көрсетуге және озық дәстүрлерімізді қазіргі заманға жалғауға шақырады.
Шара барысында шаһар басшысы Ернат Дүйсенбекұлы «Наурыз Аруы — 2025» сұлулық байқауының жеңімпазы, Еркежан Дарханқызын марапаттап, 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Жетісудың атағын әлемге танытқан аламаншы-құрақшыларға ЮНЕСКО-ның сертификаттарын табыс етті. Олардың арасында еліміздегі ең қарт қолөнер шебері қала тұрғыны Тұмарбала Сәлекеева да бар.
– Ал, сұлулық сайысының ақтық сынына қатысқан 30 арудың арасынан топ жарып суырылып шыққан 10 ару көпшілік алдында өз өнерлерін ортаға салды. Олар ұлттық киімдердің сан түрін киіп, жиналған жұртты тәнті етті. Топ жарып жеңімпаз атанған Еркежан Серікхан қаладағы Барлыбек Сыртанов атындағы №25 орта мектебінің 11-сынып оқушысы. Ұлттық киімдер этно-дефилесі қала тұрғындары мен қонақтарына әртүрлі өңірлердің дәстүрлі киім үлгілерін тамашалауға мол мүмкіндік берді. Әрбір киімнің өз тарихы мен мағынасы бар. Ол ұлттық болмысымызды, мәдениетімізді дәріптеу мақсатында сахналанған,– дейді ұйымдастырушылар .
Шара соңы өңір өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласып, әсем сазды әндер шырқалып, мың бұралған билер орындалды.
Айдын КӘЛІМХАН