ҚР Президентінің «Алтын сапа» сыйлығын алуға арналған өңірлік байқауы және «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауын өткізу алдында әлеуетті қатысушылар үшін семинар өткізіледі. Онда өтінім беру тәртібі, қағидалар, қатысудың артықшылықтары мен басқа да маңызды тұстар түсіндіріледі.
Жетісу облысының бизнес субъектілеріне арналған оқыту іс-шарасын «Атамекен» ҰКП өкілдері өткізді. Жалпы оқыту іс-шарасына ірі және орта бизнес субъектілерінен және шағын кәсіпкерлік өкілдерінен 40-қа жуық тыңдаушы қатысты.
Республикалық байқауларды ұйымдастыру жөніндегі басқарушы директор «Атамекен» ҚР ҰКП жұртшылықпен байланыс департаменті директорының орынбасары Мерей Исаева ҚР Президентінің «Алтын сапа» сыйлығын алуға арналған байқау 2006 жылдан бастап еліміздің өндіріс және қызмет көрсету саласындағы үздік кәсіпорындарын анықтау және көтермелеу мақсатында өткізіліп келе жатқанын айтып өтті. Байқауға қатысу менеджмент пен өндірістік стандарттардың деңгейін көрсетіп қана қоймай, даму үшін қуатты серпін алуға мүмкіндік береді.
– Жеңімпаз компаниялар тек танылып қана қоймай, сонымен қатар бонустарға да ие болады. Байқау логотипін 4 жыл бойы жарнамалық мақсатта пайдалану құқығы, сондай-ақ 450 АЕК мөлшерінде ақшалай сыйақы беріледі, – дейді Мерей Исаева.
Қоғаммен байланыс департаментінің 1-санатты сарапшысы Бағдат Аяпбеков «Қазақстаннның үздік тауары» көрме-байқауына қатысты толық ақпарат берді. Тауар өндірушілердің осы байқауға қатысу шарттары мен тәртібін түсіндірген ол жеңімпаздардың өндірістік мақсаттағы тауарлар, халыққа арналған тауарлар және азық-түлік тауарлары номинациясы бойынша іріктеуден өтетінін сөз етті. Сондай-ақ, спикер байқауға қатысу менеджмент пен өндірістік стандарттардың деңгейін көрсетіп қана қоймай, даму үшін қуатты серпін алуға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Осы ретте облыстың кәсіпкерлер палатасының директоры Дәурен Оңалбаев та өз ойын білдіріп, мұндай іс-шаралардың өңірдің бизнес-қоғамдастығы үшін тиімді коммуникациялық алаңға айналатынын паш етті.
– Байқауларға қатысу – бұл бедел ғана емес, сонымен қатар насихаттау құралы. Бұл жергілікті компаниялар үшін ұлттық деңгейде мәлімдеме жасау, өз брендтеріне назар аудару және аймақтан тыс іскерлік байланыстар орнату мүмкіндігі, – деді Дәурен Оңалбаев.
Семинар соңында қатысушылар жан-жақты ақпарат пен тәжірибелік ұсыныстар алды. Сондай-ақ, олар ұлттық кәсіпкерлер палатасы өкілдеріне өздері қызығушылық танытқан сұрақтарын тікелей қоюға мүмкіндік алды.
Естеріңізге сала кетейік, қатысуға өтінімді 1 шілдеге дейін «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы арқылы немесе байқаудың www.altynsapa.kz. ресми сайтында онлайн тапсыруға болады.
Айгүл БАЙБОСЫНОВА