Күн суыта бастағанда тұрғын үйлерді жылыту кезіндегі қауіпсіздік мәселесі өзекті бола түседі. Пешті пайдалану талаптарын бұзу, мұржалардың ақаулы болуы және көміртек тотығынан қорғайтын құрылғылардың болмауы қайғылы жағдайларға әкелуі мүмкін.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері еріктілермен бірлесіп Талдықорған қаласындағы «Қызыл тас» саяжай алқабында ауқымды профилактикалық жұмыс жүргізді.
Мамандар аулаларды аралап, тұрғындарға өрт қауіпсіздігі ережелерін түсіндірді. Сондай-ақ мұржаларды уақтылы тазалау, пештер мен жылыту құрылғыларын дұрыс пайдалану қажеттігін еске салды.
Мұнан бөлек, тиісті санаттағы азаматтардың үйлеріне көміртек тотығын анықтайтын датчиктер тегін орнатылып, мұржалар тазаланады. Мұндай шаралар қауіпті дер кезінде анықтап, адамдардың өмірі мен денсаулығына төнетін қатердің алдын алуға көмектеседі.
Дастанбек САДЫҚ





