Халық пен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейтін құқықтық орган қызметкерлерінің төл мерекесі Ілияс Жансүгіров атынлағы Мәдениет үйінде салтанатты түрде аталып өтті. Жылдағы дәстүр бойынша қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан қызметкерлерге арналған ескерткішке гүл шоқтарын қою рәсімі биыл да өз жалғасын тапты. «Заң мен Тәртіп» тұжырымдамасын қатаң ұстанған полиция қызметкерлерін, аймақтағы ішкі істер органдары ардагерлерін облыс әкімі Бейбіт Исабаев арнайы құттықтады.
Аймақ басшысы полицейлер қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге, қоғамдағы тұрақтылықты сақтауға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға қосқан өлшеусіз үлестерін тілге тиек етті.
– «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды» деген Бауыржан Момышұлының аталы сөзі әрбіріңіздің төлқұжатыңыз болуы керек. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Заң мен Тәртіп» тұжырымдамасы елдегі түбегейлі реформалардың негізі болып отыр. Оны жүзеге асыру құқық қорғау органдарының ғана емес, барша қоғамның міндеті. Әділетті қоғам құрып, заң үстемдігін нығайту жолында әрбір полиция қызметкері өз міндетін адал атқаруы тиіс. Біз өз тарапымыздан қажетті қолдау көрсетеміз. Облыста ішкі істер органдарының материалдық-техникалық базасын нығайту бағытында біршама игі істер атқарылды. Мәселен, 2022 жылдан бері жергілікті бюджеттен 9,4 млрд. теңге бөлініп, заманауи техникамен, арнайы құрылғылармен жабдықталды, – деген облыс басшысы алдағы уақытта да барынша қолдау көрсетілетінін жеткізді.
Салтанатты жиында Ақсу аудандық полиция бөлімінің бастығының бірінші орынбасары, полиция майоры Ермек Исаев, Қаратал аудандық полиция бөлімінің криминалдық полиция бөлімшесінің аға жедел уәкілі, полиция капитаны Берік Бибеков, Ескелді аудандық полиция бөлімінің қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесінің учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны Нұрсейіт Абдрахманов, сондай-ақ Сарқан ауданы мен Текелі қаласы полиция бөлімдерінің тергеу бөлімшелерінің тергеушілері, полиция аға лейтенанттары Диас Тошанов пен Әділет Байсаринов облыс әкімінің қолынан Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарға ие болды.
Өз ісіне адал бірқатар полиция қызметкеріне арнаулы атақтар беріліп, «Ішкі істер органдарының үздігі» төсбелгісімен, сондай-ақ Ішкі істер министрінің грамотасымен және Алғыс хаттымен марапатталды. Мерекелік шараның соңы концерттік бағдарламаға ұласты.
Мерекелік шарада полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Сарқытбай Құсайынов уақытпен санаспай қоғамдық тәртіпті барынша қадағалап, елдің тыныштығын бағып жүрген қызметкерлерге алғыс айтып, істеріне сәттілік тіледі.
Отставкадағы полиция полковнигі, ішкі істер органдарының құрметті ардагері Болат Молдабеков өскелең ұрпақты тәрбиелеу мәселесіне қатысты ойымен бөлісті.
– Қазір мен зейнет демалысындамын. Соған қарамастан жас полиция қызметкерлеріне қолымнан келгенше қолдау көрсетуге тырысамын. Ардагерлер ұйымының құрамында мектеп оқушыларымен, студенттермен кездесу өткіземіз. Өйткені жастар арасында патриоттық құндылықтарды дәріптеу, құқықтық мәдениет пен құқықтық сауаттылықты қалыптастыру – бүгінгі күннің маңызды міндеттерінің бірі, – дейді ардагер.
Облыстық полиция департаментінің жеке құраммен жұмыс басқармасы бастығының орынбасары Айдын Сүлейменовтың айтуынша, Жетісу облыстық полициясының қатарында 2 мыңнан астам қызметкер еңбек етеді.
— Біз мамандардың біліктілігін арттыруға ерекше көңіл бөлеміз. Өйткені қазіргі заманда интернет-алаяқтық сияқты қылмыс түрлері кең етек алды. Сондықтан біздің басты міндетіміз – осы бағытта да халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, – деді.
Облыс әкімдігінің қолдауымен құқық бұзушылықтарды жедел анықтау мақсатында аудандық және қалалық полиция бөлімдеріне, департамент басқармаларына 31 дрон берілді. Аймақта 1415 бейнебақылау камерасы орнатылып, биыл тағы 220 камераны іске қосу жоспарланып отыр. Соңғы жылдары 289 бірлік қызметтік және арнайы автокөлік сатып алынды. Бұдан бөлек, қоғамдық орындарда құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында бес ауданда 8 модульдік полиция бекеті пайдалануға беріліп, 6 әкімшілік ғимаратқа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қазіргі таңда Сарқан ауданындағы Лепсі ауылында күрделі жөндеуден өткен полиция пункті қайта пайдалануға берілді. Қабылданған шаралардың нәтижесінде өңірде қылмыстық құқық бұзушылықтар саны 36 %, қоғамдық орындарда жасалған қылмыстар 44 % төмендеді.
Еңлік КЕНЕБАЙ





