Қазақстан туризм саласындағы көрсеткіштерін жақсартып, халықаралық рейтингтердегі позициясын нығайтып келеді. Соңғы бес жылда ел туристік даму индексінде 28 сатыға жоғарылап, Орталық Азиядағы тартымды бағыттардың біріне айналды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Туристер саны артып келеді
Ranking.kz деректеріне сәйкес, 2026 жылдың қаңтар-наурыз айларында Қазақстандағы орналастыру орындары шамамен 2 миллион адамға қызмет көрсеткен. Бұл кезеңде көрсетілген қызметтердің көлемі 69 млрд теңгеден асып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 14%-ға өсті.
Сарапшылар бұл өсімді тек бағаның қымбаттауымен емес, туристік белсенділіктің нақты артуымен байланыстырады. Бұған қызметтердің физикалық көлем индексінің 104,5%-ды құрауы дәлел.
Ішкі туризмге қызығушылық күшейді
Биылғы жылдың алғашқы тоқсанында ел ішінде саяхаттаған қазақстандықтардың саны 3,6%-ға артқан.
Мамандардың айтуынша, ішкі туризмнің дамуы өңірлердегі экономикалық белсенділікті арттырып, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және шағын әрі орта бизнестің дамуына ықпал етіп отыр.
Алматы – туристер ең көп баратын қала
Өңірлер арасында туристер ең көп барған қала Алматы болды. Қаңтар-наурыз айларында мұнда 472,9 мың адам орналастыру қызметін пайдаланған.
Екінші орында Астана қаласы тұр – 352,2 мың адам. Ал алғашқы үштікті 161,1 мың келушімен Ақмола облысы түйіндеді.
Демалыс аймақтарына сұраныс жоғары
2026 жылдың алғашқы тоқсанында қызмет көрсетілген туристердің шамамен 40%-ы курорттық аймақтарға барған.
Абсолюттік көрсеткіш бойынша бұл 800 мыңнан астам адамды құрайды. Бұл рекреациялық туризмнің маңызы артып келе жатқанын және қазақстандықтардың ел ішінде демалуға деген қызығушылығы жоғары екенін көрсетеді.
Туризмнің экономикаға қосқан үлесі
Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновтың мәліметінше, 2025 жылдың қорытындысында туризм саласының экономикаға қосқан үлесі 5 трлн теңгеге жеткен. Саланың жалпы ішкі өнімдегі үлесі 3,1%-ды құрады.
Қазір туризм индустриясында 600 мыңнан астам адам еңбек етеді. Бұл елдегі жұмыспен қамтылған халықтың шамамен 7%-ына тең.
Сонымен қатар шетелдік туристердің Қазақстандағы жалпы шығыны 2,9 млрд доллар болды. Туристік қызметтен түскен салық түсімдері 18%-ға өсіп, 630 млрд теңгеге жетті.
Инвестициялар көлемі ұлғайды
2025 жылы туризм саласына тартылған инвестициялар көлемі бір жыл ішінде 33%-ға өсіп, 1,3 трлн теңгені құрады.
Сол жылы туристік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған 96 жоба іске асырылып, олардың жалпы құны 167,4 млрд теңгеге бағаланды. Бұдан бөлек, мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау көлемі шамамен 7 млрд теңге болды.
Туристерге арналған жаңа мүмкіндіктер
2026 жылдың наурызында туризм саласын дамытуға бағытталған заңнамалық түзетулер қабылданды.
Олардың қатарында туристік автобустар үшін «жасыл дәліз» тетігін енгізу бар. Бұл ұйымдастырылған туристік топтардың мемлекеттік шекарадан өту уақытын қысқартуға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ визит-орталықтардың мәртебесі заң жүзінде бекітілді. Гидтер мен экскурсия жетекшілерінің қызметіне қатысты бірыңғай талаптар енгізілмек.
Балалар туризмін дамыту мақсатында 18 жасқа дейінгі азаматтар үшін ұлттық парктерге кіру тегін болды.
Визасыз режим мен жаңа әуе бағыттары
Қазіргі уақытта Қазақстан азаматтары үшін визасыз режим қарастырылған мемлекеттердің саны 84-ке жетті. Ал электронды виза жүйесі әлемнің 102 елінің азаматтарына қолжетімді.
Сонымен қатар халықаралық әуе қатынасы да кеңейіп келеді. Бүгінде Қазақстан 30 мемлекетпен әуе байланысын орнатқан. Аптасына 626 халықаралық рейс 135 бағыт бойынша орындалады.
Қазақстан халықаралық рейтингтерде жоғарылап келеді
Қазақстанның туристік әлеуетінің артуы халықаралық рейтингтердегі көрсеткіштерден де байқалады.
Дүниежүзілік экономикалық форумның Travel & Tourism Development Index рейтингінде Қазақстан 2019 жылы 80-орында болса, 2021 жылы 66-орынға көтерілді. Ал 2024 жылдың қорытындысы бойынша 52-орынға тұрақтады.
Осылайша бес жыл ішінде ел рейтингтегі орнын 28 сатыға жақсартты.
Ал U.S. News & World Report жариялайтын «Туризм және мәдениет» рейтингінде Қазақстан 2025 жылы 73-орынға жайғасты. Соңғы үш жылда көрсеткіш 11 орынға жақсарған.
Сонымен қатар Қазақстан бұл рейтингте Өзбекстаннан жеті саты жоғары орналасып, Катар, Бахрейн, Тунис және Вьетнам сияқты бірқатар елдерді басып озды.
Сарапшылардың пікірінше, халықаралық рейтингтердегі өсім Қазақстанның туристік инфрақұрылымы, қызмет көрсету сапасы және инвестициялық тартымдылығының артып келе жатқанын көрсетеді.





