Қазақстан соңғы жылдары атом өнеркәсібін жаңа сапалық деңгейге көтеріп, шикізат жеткізуші елден жоғары технологиялық ядролық отын өнімдерін шығаратын мемлекетке айналды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Атом өнеркәсібі және жер қойнауын пайдалану департаментінің директоры Зурият Сауатованың айтуынша, елімізде жинақталған ғылыми-өндірістік инфрақұрылым мен бай тәжірибе ұлттық энергетиканың болашағын айқындауға берік негіз қалыптастырды.
Қазақстан 2009 жылдан бері табиғи уран өндіру көлемі бойынша әлемде 1-орынды иеленіп келеді. 2025 жылы елімізде уран өндіру көлемі шамамен 26 мың тоннаны немесе әлемдік өндірістің 40 пайызын құрады. Қазіргі уақытта өндіріс 14 кәсіпорында жүргізіледі.
Елімізде уран кен орындарын игерудің негізгі тәсілі – жер асты ұңғымалық шаймалау әдісі. Бұл экологиялық технология карьерлер мен шахталарды ашпай-ақ, топырақ жамылғысы мен ландшафттың бұзылуын барынша азайтуға мүмкіндік береді.
«Ұзақ уақыт бойы Қазақстан тек табиғи уранды жеткізуші ретінде қабылданып келді. Ал бүгінде біздің міндет – анағұрлым жоғары деңгейде өңделген өндірістерді дамыту және өнімнің қосылған құнын арттыру», – дейді Зурият Сауатова.
Саланың дамуындағы басты жетістіктердің бірі – Өскемендегі Үлбі металлургиялық зауыты базасында «Үлбі-ТВС» қазақстан-қытай бірлескен кәсіпорнының құрылуы. Кәсіпорын Қытай АЭС-тері үшін жылу бөлетін құрастырмалар өндіреді.
-
Рекордтық өндіріс: 2024 жылы зауыт жобалық қуатына жетіп, жылына 200 тонна отын шығару деңгейіне көтерілді.
-
Тұрақты экспорт: 2025 жылы кәсіпорын 471 жылу бөлетін құрастырма немесе уран баламасында 214,7 тонна дайын өнім шығарды.
-
Жаһандық сенім: Зауыт аумағында Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (АЭХА) Төмен байытылған уран банкі орналасқан. Бұл халықаралық қоғамдастықтың Қазақстанға деген жоғары сенімін дәлелдейді.





