Жетісу десе, көз алдымызға көкорай шалғын, бел-белесті бауырлаған егін, мөлдір бұлақ пен самал тербеткен жайқалған жайлау елестейді. «Жерұйық» атанған өлкенің табиғаты төрт түлікке ғана құт қондырып қоймай, диқанның маңдай терін ақтар берекелі мекен. Мұнда алқаптың ажары да, даланың дәулеті де сан алуан. Соның бір айғағы – Кербұлақ ауданына қарасты Қоғалы ауылындағы жайқалған күнбағыс алқабы.
Алтын түстес күлтесі күнге қарап, дәні шекілдеуікке толған бұл дақыл Қоғалының қоңыр тіршілігіне өзгеше рең беріп тұр. Аудан көлемінде күнбағыс өсіруді алғашқылардың бірі болып қолға алған «Абыханов» шаруа қожалығы. Қожалық тізгінін ұстап отырған кәсіпкер Серік Абыхановтың айтуынша, шаруашылықтың іргесі сонау 1986 жылы қаланған. Содан бері егін шаруашылығын өрістетіп, жердің бабын, кәсіптің ретін тауып келеді.
Кәсіпкердің айтуынша, бұл ойдың түйіні Шығыс Қазақстан облысының Катонқарағай өңіріне барған сапардан кейін тарқапты. Табиғаты әсем өлкеден күнбағыс алқабын көрген Серік Қалдырәлім- ұлы: «Мұндай дақыл Жетісудың жерінде де өссе керек қой. Өзіміз неге сынап көрмейміз?» деген тоқтамға келген. Осылайша былтыр алғаш рет тәжірибе ретінде 100 гектарға күнбағыс дәні себіліп, нәтижесі де көңіл көншіткен. Әр гектардан шамамен 2 тонна өнім алынған. Еңбек ақталды, майлы дақылдың Жетісу топырағына жерсінуге бейімі бар екені байқалды. Бір жылдық тәжірибенің өзі шаруаны кеңейтуге жол ашып, биыл алқап көлемі төрт есеге жуық ұлғайған. Қазір қожалық 400 гектарға таяу жерге күнбағыс еккен. Ендігі меже – күзгі орақ науқаны. Жоспар бойынша өнім қазан айында жиналады.
Үш баланың әкесінің айтуынша, мұндай нәтижеге жету үшін жердің құнарымен қатар, техниканың қуатын да ұдайы жаңартып отыру қажет. Соңғы жылдары шаруашылық материалдық-техникалық базасын бекемдеуге ден қойған. 2024 жылы шамамен 100 миллион теңгеге комбайн сатып алса, 2025 жылы тағы 100 миллион теңгеге жаңа дән себетін машина алған. Қазір қожалықтың қарамағында 14-15-ке жуық техника бар. Науқан кезінде жиырмаға тарта адам еңбек етеді.
«Егіннің жайын еккен біледі» дегендей, расында, әр дақылдың өз мінезі, өз талабы, өз күтімі бар. Күнбағыс та кез келген алқапқа егіле бермейді. Кәсіпкердің сөзінше, тастақты жер бұл дақылға қолайсыз. Сондықтан алқап таңдау, топырақты әзірлеу, тұқымды дұрыс себу мен күтіп-баптау жұмыстары айрықша ыждағаттылықты талап етеді.
Қоғалыдағы бұл бастама бір шаруа қожалығының ғана кәсібі болып қалмай, өзге шаруаларға да ой салған. Былтыр алғаш болып тәжірибе жасаған қожалықтың жұмысын көрген көрші шаруашылықтар биыл күнбағыс егуді қолға ала бастаған. Демек, бір алқаптан басталған ізденіс енді ауыл-аймаққа тарайтын үрдіске айналып келеді.
Қысқасы, Жетісудың жайсаң жерінде жайқалған күнбағыс – бейнеттің берекеге айналғанының айғағы. Күнге алтын маңдайын тосқан әрбір түп күнбағыс – жердің берекесінен, шаруаның қажыр-қайратынан хабар беріп тұрғандай.
Санжар СҰЛТАНҒАЗЫ





