Заманауи технологиялар өмірімізді ертегідегідей жылдам әрі ыңғайлы етті. Бүгінде еліміздің әр қиырында жүріп-ақ, коммуналдық төлемдерді төлеп, несие рәсімдеп, әлемнің бір бұрышынан отырып, екінші шетінен қалаған тауарыңды алуға мүмкіндік бар. Экранды бір рет басу арқылы мыңдаған шаруа шешуге болады. Бірақ бұл виртуалды жайлылықтың көлеңкесінде үлкен қауіптің де жасырынып тұрғанын ұмытпаған абзал.
Интернет алаяқтарының әдіс-тәсілдері өзгеріп, жетіліп келеді. Олардың ең жиі қолданатын айласы – психологиялық қысым мен сенімге кіру. «Банктің қауіпсіздік қызметінен хабарласып тұрмыз», «Сіздің атыңыздан несие рәсімделіп жатыр» деген хабарды естігенде, көп адам абдырап қалып, өздерінің құпия кодтары мен жеке мәліметтерін (SMS-кодтарды) беріп қояды. Соңғы кездері жасанды интеллект көмегімен жақын адамдарының дауысы мен бейнесін салып («дипфейк» технологиясы), ақша сұрайтындар да пайда болды.
Қазақстанда бұл мәселе ұлттық қауіпсіздік деңгейіне жетті десе де болады. Құқық қорғау органдары күн сайын ескерту жасап, әлеуметтік роликтер түсіргенімен, алданып қалатындардың саны азаяр емес. Басты себеп – цифрлық сауаттылықтың төмендігі. Біз смартфон сатып алуды, инста-грамға сурет салуды үйрендік, бірақ жеке деректерді қорғауды меңгермедік. Көп жағдайда адамдардың аңғалдығы, тез арада байып кетуге деген құштарлығы немесе заң тұрғысындағы сауатсыздығы алаяқтардың оңай олжасына айналады.
Виртуалды әлемдегі әр бейқам әрекет – үлкен шығынға апаруы мүмкін. Сондықтан цифрлық заманда тек технологияны пайдаланушы емес, өз қауіпсіздігін қорғай алатын сауатты азамат болу міндет. Ақпараттық заманда ең қымбат құндылық – сіздің жеке деректеріңіз бен қауіпсіздігіңіз.
Асыл ОМАШБЕКОВА
Еңбекшіқазақ ауылы,
Көксу ауданы





