Жетісу облысы Алакөл ауданындағы шекара басқармасында 2026 жылдың көктемгі шақырылымымен келген жас сарбаздардың салтанатты ант қабылдау рәсімі өтті. Биыл 200-ден аса жауынгер Отанға адал қызмет етуге серт беріп, әскери өмірдегі алғашқы маңызды қадамын жасады, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Салтанатты шараға әскери бөлім басшылығы, ардагерлер, қоғам өкілдері, сондай-ақ сарбаздардың ата-аналары мен жақындары қатысты.
Жиын барысында қонақтар да сөз сөйлеп, жас сарбаздарға ақ тілектерін жеткізді. «Аналардың жүрегі – сарбаз аналар комитеті» республикалық қоғамдық бірлестігінің Абай облысы және Шығыс Қазақстан облысы бойынша өкілі, филиал жетекшісі Марфуға Бармашикова аналық жүректен шыққан лебізін білдіріп, әрбір сарбаздың аман-есен елге қызмет етіп, абыроймен оралуына тілектестік білдірді.
Өз кезегінде ҚР ҰҚК Жетісу облысы бойынша Шекара қызметі департаментінің бастығы, полковник Марат Нарбаев ант қабылдау рәсімінің маңыздылығына тоқталып, мемлекеттік шекараны қорғау – әрбір әскери қызметшіге жүктелетін аса жауапты міндет екенін атап өтті.
Алакөл ауданының әкімі Алмас Абдинов та шараға қатысып, жас жауынгерлерді құттықтады. Ол өз сөзінде ел тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуде әскери қызметшілердің еңбегі ерекше екенін айтып, сарбаздарға сәттілік тіледі.





