Әскери қызмет барысында ауыр жарақат алып, кейін мүгедектікке ұшыраған сарбаз Ербаян Мұхтар қайтыс болды. Бұл туралы оның адвокаты Инга Иманбай Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Адвокаттың айтуынша, Ербаян Мұхтардың тағдыры соңғы екі жылда қоғамның ерекше назарында болды. Оның оқиғасы әскери ортадағы қауіпсіздік мәселелері, сарбаздардың құқықтары мен жабық жүйедегі түйткілдер туралы қоғамдық талқылаулардың күшеюіне ықпал етті.
Инга Иманбайдың жазуынша, Ербаян Мұхтар әскери қызмет кезіндегі қауіпсіздік мәселелеріне қоғам назарын аудартқан символға айналды. Оның оқиғасынан кейін көптеген ата-ана әскери қызмет барысында кездесетін проблемалар туралы ашық айта бастады, ал жауапты мемлекеттік органдар бұл мәселелерге түсініктеме беруге мәжбүр болды.
Еске салсақ, 2024 жылдың тамыз айында әлеуметтік желілерде Ербаян Мұхтардың ата-анасы ұлының әскерге өз еркімен барып, кейін ауыр халде ауруханаға түскенін мәлімдеген болатын. Олар сарбаздың әскери қызметтен кейін мүгедек болып қалғанын айтып, оқиғаның мән-жайын жан-жақты тексеруді талап еткен.
Осыған байланысты сол кезде Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынбасары Қайрат Үмбетов түсініктеме берген еді. Оның мәліметінше, Ербаян Мұхтар әскери қызметін атқару кезінде түнгі уақытта дәретханаға бара жатқанда құлап, жарақат алған.
Сондай-ақ Қайрат Үмбетов сарбаздың кейінгі ауыр жағдайы бастапқы жарақатпен ғана байланысты болмағанын атап өткен. Оның айтуынша, емделу барысында Ербаян жұқпалы ауру жұқтырып, өкпенің қабынуы мен іріңді гайморитке шалдыққан. Дәрігерлердің шешімімен жасалған операциядан кейін оның денсаулығы күрт нашарлаған.
Қазіргі уақытта Ербаян Мұхтардың қайтыс болу фактісіне қатысты ресми органдар тарапынан қосымша ақпарат жарияланған жоқ.
Ербаян Мұхтардың оқиғасы қоғамда әскери қызмет қауіпсіздігі мен сарбаздардың құқықтарын қорғау мәселелерін қайта көтеріп, кең қоғамдық резонанс тудырған





