Дубайда өмір бойына бас бостандығынан айырылған қазақстандық азаматты экстрадициялау мәселесі әзірге қаралып жатқан жоқ. Бұл туралы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев мәлімдеді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Оның айтуынша, қазіргі таңда бұл іс бойынша Дубай сотының бірінші сатыдағы шешімі ғана шыққан.
– Бұл Дубайдың бірінші сатыдағы сотының шешімі. Апелляция берілді, тиісті рәсімдер бар, сондықтан экстрадициялау туралы әзірге сөз қозғау мүмкін емес. Алдымен барлық сот процесі аяқталуы керек, содан кейін ғана нақты шешім қабылданады, – деді Әлібек Бақаев Мәжіліс дәлізінде.
Министр орынбасарының сөзінше, аталған мәселе Біріккен Араб Әмірліктерінің заңнамасына сәйкес қаралады. Қазіргі уақытта бұл іспен адвокаттар мен Қазақстанның Бас консулдығы айналысып жатыр.
Еске салайық, бұған дейін Дубай қаласының бірінші сатыдағы соты 18 наурызда қазақстандық азаматты бірқатар ауыр қылмыс бойынша кінәлі деп танып, өмір бойына бас бостандығынан айыру және айыппұл төлеу туралы үкім шығарған еді. Қорғаушы тарап апелляциялық шағым түсіргендіктен, үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.





