Мамырдың 16-сы күні басталған негізгі Ұлттық бірыңғай тестілеу барысында ереже бұзған 304 дерек анықталды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, тест басталғалы бері емтихан 214 мыңнан астам рет тапсырылған. Талапкерлердің басым бөлігі, яғни 74 пайызы сынақты қазақ тілінде, 26 пайызы орыс тілінде, ал 182 талапкер ағылшын тілінде тапсыруды таңдаған. Төрт аптаның қорытындысы бойынша қатысушылардың 70 пайызы шекті балды бағындырды. Бес пән бойынша орташа көрсеткіш 66 балды құрап отыр. Сынақтың абсолюттік рекордын Түркістан облысының тумасы Әбілхан Жәнібек көрсетті. Ол тестілеудің алғашқы аптасында ең жоғары 140 балды жинаған.
Биылғы таңдау пәндерінің арасында көш бастап тұрған бағыттар да белгілі болды. Талапкерлердің 18 пайызы «Математика-Физика» комбинациясын таңдаса, 15 пайызы «Биология-Химия» бағытына басымдық берген. Шығармашылық емтиханды таңдағандардың үлесі 14 пайызды құрады. Сонымен қатар ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға да жағдай жасалып, сынаққа 592 ерекше талапкер қатысты.
Тестілеу барысында заңдылық пен тәртіпті сақтау мәселесі қатаң бақылауға алынған. Ғылым және жоғары білім министрлігі:
«Төрт апта ішінде 304 ереже бұзушылық анықталды. 146 талапкер аудиторияға смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып кіруге әрекет жасағаны үшін тестілеуден шеттетілді. Тағы 157 адам емтихан кезінде ереже бұзғаны үшін аудиториядан шығарылып, нәтижелері жойылды. Ал 1 қатысушының сертификаты бейнежазбаларды тексеру қорытындысы бойынша жарамсыз деп танылды. Жалған тұлғалардың қатысу дерегі анықталған жоқ», – деп мәлімдеді.
Талапкерлердің тест сұрақтары бойынша өз наразылықтарын білдіруге мүмкіндіктері бар. Шығарылған есептер мен тапсырмалардың мазмұнына қатысты апелляцияға беруге тест аяқталғаннан кейін 30 минут уақыт беріледі. Ал техникалық ақаулар бойынша шағымдар тестілеу кезінде тікелей қабылданады. Емтихан нәтижелері жазылған сертификаттар апелляциялық шағымдар толық қаралып біткеннен кейін үміткерлердің жеке кабинеттерінде қолжетімді болады.
ҰБТ аяқталғаннан кейін де бейнежазбаларды сараптау жұмыстары жалғаса береді. Мамандар түсірілген бейне архивті ағымдағы жылдың 31 қазанына дейін тексереді. Егер осы уақыт ішінде тыйым салынған заттарды пайдалану немесе өзге де ереже бұзушылықтар әшкереленсе, талапкердің ҰБТ нәтижесі толықтай жойылады.





