Журналистер үйінде ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Жандос Жұмабаев пен облыстық «Огни Алатау» газетінің бас редакторы Атсалим Идигов «Жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру» тақырыбында кездесу өткізді.
Мемлекеттік қызметкерлер мен журналистер қатысқан жиында сыбайлас жемқорлықты жою тақырыбы және оның пайда болу себептері талқыланып, заңнамадағы жаңалықтар мен өзгерістер толыққанды түсіндірілді. Жандос Сағындықұлы қазынаға жеті миллиард теңгеден астам қаржы қайтарылғанын хабарлай келе:
– Бүгінгі таңда тоғыз айдың ішінде тіркелген 87 қылмыстық құқықбұзушылықтың 68-і сыбайлас жемқорлыққа қатысты. 155 адам жауапкершілікке тартылса, оның 20-сы облыс, қала, аудан көлеміндегі бірінші басшылар. Қылмыстардың көпшілігі білім беру саласына тиесілі. Біз сыбайлас жемқорлықтың алдын алу үшін жүйелі жұмыс атқарып жатырмыз. Адам бойында қоғам дертіне қарсы мәдениетті қалыптастырудың негізі – дұрыс білім мен тәрбие. Қозғалған іс бойынша соттың шешімі шығып, адам бас бостандығынан айрылатын болса, жазасын аяғына дейін өтейді. Оларға жазаны өтеуде шартты түрде мерзімінен бұрын босату жүрмейді. Кейін өмірбақи мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік ұйымдарда қызмет етуге тыйым салынады, – деді.
Алматы облысының Құрметті азаматы Атсалим Идигов сыбайлас жемқорлыққа ықпал ететін бірнеше факторларды атап өтті.
– Халық мемлекеттік қызметтерді алуды тездету үшін білім беру және медициналық мекемелерде, сондай-ақ, құқық қорғау органдарында заңбұзушылыққа барады. Сондықтан жалпы жүйенің ашықтығын қамтамасыз етіп, Грузия, Швейцария немесе Сингапур сияқты санаулы елдерден үлгі алу керек, – деген Атсалим Идигов адал еңбек қағидаттарын қалыптастыру, сондай-ақ қаржылық ресурстарды бақылау бойынша ұсыныстарын жеткізді.
Кездесуде сыбайлас жемқорлыққа қарсы бейнеүзіктер көрсетіліп, қойылған сұрақтарға жауап берілді. Жиыннан кейін ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаментінің ұйымдастыруымен «Адал Көмек» жобасы аясында «Сити плюс» сауда орталығында халыққа тегін құқықтық кеңес берілді. Заңгерлер, адвокаттар, мемлекеттік органдардың өкілдері тұрғындарға әлеуметтік қолдау, тұтынушылардың құқықтарын қорғау, азаматтық, отбасылық, еңбек, мұрагерлік заңнама бойынша мәселелерді жан-жақты түсіндіріп берді.
Мәулен ӘНЕРБАЙ





