Алматы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі тағы бір жол-көлік оқиғасын растады. Бұл туралы «Жетісу» газеті хабарлады.
«Жол апаты түнгі сағат 00:10 шамасында болған. Іле ауданындағы Чапай ауылының 18 жастағы тұрғыны «Тойота-Хайлюкс» көлігін жүргізіп келе жатып, қарсы бағытқа шығып кеткен. Соның салдарынан «Водник – Казцик – Комсомол» жолында «Дэу Нексия» машинасына соғылған. Бұл көлікті 22 жастағы азамат тізгіндеген. Оқиға орнында «Дэу Нексияның» 27 жастағы жолаушысы мерт болды», — делінген Алматы облыстық полиция департаменті баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Анықталғандай, 18 жастағы «Тойотаның» жүргізушісі ішімдік ішкен. Қазір аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодесінің 345-1 3 бөлігіне сәйкес соталды тергеу жүріп жатыр. 18 жастағы азамат уақытша ұстау изоляторына қамалды.
«ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ»





