18 тамыз – ел тыныштығы үшін күндіз- түні күзетте тұрған Шегарашылар күні. Айтулы мереке қарсаңында ҚР ҰҚК шегара қызметі Жетісу облысы бойынша департаменті Алакөл ауданы бойынша шегара басқармасында «Шыңдалы» шегара бөлімшесі ашылды.
Шараның ашылу салтанатында ҚР ҰҚК шегара қызметінің Жетісу облысы бойынша департамент басшысы полковник Марат Нарбаев сөз алып, ел шебін күзеткен сарбаздарды мерекелерімен, жаңа ашылған нысанмен құттықтап, ақжарма тілегін ақтарды.
– Бүгін бізде қос бірдей қуаныш. Шегарашылар күніне орай «Шыңдалы» шегара бөлімшесінің жаңа ғимаратқа көшу салтанатына куәгер болып отырмыз. Кешенді бөлімшеде ел шебін күзеткен сақшылар үшін барлық жағдай жасалған. Жаңа ғимаратқа қомақты қаражат бөлген облыс әкімдігіне шексіз алғысымызды білдіреміз. Заманауи материалдық-техникалық жабдықтармен жасақталған бөлімшеде сарбаздар мемлекеттік шегараны қырағы күзететін болады, – дей келе лейтенант Рамазан Қадірхановқа аға лейтенант атағын табыстады.
Осыдан кейін Алакөл ауданы әкімінің орынбасары Мәулен Төлеужанов: «Отан – қасиетті де қастерлі ұғым. Оны сақтау, қорғау біздің азаматтық парызымыз. «Шыңдалы» шегара бөлімі 1967 жылдан бастап еліміз бен Қытай халық республикасы арасындағы жалпы 17,6 шақырымды құрайтын мемлекеттік шегараны күзетеді. Жүректерің намыс пен рухқа, білектерің құрыштай күшке, бойларың адамгершілікке толы болып, көк Туымызды бейбіт күнде желбірете беріңдер», – деп жылы лебізін білдірді.
Өз кезегінде шегара қызметінің ардагері, генерал-майор Хусайн Беркалиев шегара сақшыларына өзінің өмірлік тәжірибесін әңгімелеп, елдің шетінде, желдің өтінде жүрген сарбаздардың қырағы болып, жауапты қызмет атқаруы бүкіл елдегі тыныштықтың кепілі болып отырғанын жеткізді.
Облыс әкімдігінің қаржыландыруымен салынған шегара бөлімшесі заман талабына сай. Блокты-модульді шегара бөлімшесінің аумағында 40 адамға арналған казарма, үш бөлмелі алты офицерлік үй салынған. Сонымен қатар, екі от жағу қазандығы мен екі дизельдік агрегатымен жабдықтаған. Негізі 1967 жылы қаланған «Шыңдалы» шегара бөлімшесі шегара қызметінің маңдайалды әскери ұжымдарының бірі. Сарбаздар сонау 1967 жылдан бері салынған бөлімшеде жұмыс істеп келген. Енді, міне, жаңа ғимаратқа көшті. Тұрмыстық жағдайы мен қызмет орны жақсы жабдықталған шегара сақшылары ендігі кезекте мемлекеттік шегараны күзету бойынша қарқынды қызметтерін жалғастыратын болады.
– Бізге арнап облыс басшылығы үлкен бөлімше салып берді. Шегара шебіндегі қызмет Отанымыздың берік қалқаны екенін сезіндіреді. Халқымыз үшін қастерлі ұғым болып саналатын мемлекеттік шегараны қорғау, ата-бабадан қалған жерді күзету – үлкен абырой, маңызды жауапкершілік, – дейді қатардағы жауынгер Дулат Төлеген.
Айдар ҚАЛИЕВ