ҚР ҰҚК Шекара қызметі Жетісу облысы бойынша департаментіне қарасты Панфилов және Алакөл аудандарындағы шекара бөлімшелерінде әскери-патриоттық бағыттағы бірқатар іс-шара ұйымдастырылды. Аталған шаралар жас ұрпаққа әскери қызметтің маңызын түсіндіру, болашақ офицерлерді қолдау және жас сарбаздардың жауапкершілігін арттыру мақсатында өткізілді.
Панфилов ауданы бойынша шекара басқармасының «Көксу» шекара бөлімшесінде «Ашық есік күні» ұйымдастырылды. Іс-шараға Көксу, Шұбар және Рудничный орта мектептерінің жоғары сынып оқушылары қатысты.
Кездесу барысында оқушылар шекарашылардың күнделікті қызметімен танысып, әскери өмірдің ерекшеліктері мен тәртібі жөнінде ақпарат алды. Сонымен қатар, әскери қызметшілер жастарға Отан шебін күзетудің маңыздылығы туралы айтып, патриоттық рухтағы әңгімелер жүргізді. Оқушылар әскери техникалар мен қызметтік жабдықтарды көріп, шекара қызметіне қатысты көкейлеріндегі сұрақтарына жауап алды. Шараның басты мақсаты – жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу және әскери мамандыққа қызығушылықтарын арттыру.
Сондай-ақ, Панфилов ауданы бойынша шекара басқармасында ҚР ҰҚК Шекара академиясынан тағылымдамадан өтуге келген курсанттардың қызметін қорытындылау және марапаттау рәсімі өтті.
Іс-шара барысында курсанттардың тәжірибе кезеңіндегі атқарған жұмыстары сараланып, әскери дайындық деңгейі мен қызметтік тәртібі бағаланды. Үздік нәтижелерімен көзге түскен курсанттарға алғыс айтылып, арнайы марапаттар табысталды. Сонымен бірге, жас болашақ офицерлерге әскери қызметте табыс тілеп, Отан алдындағы жауапты міндетті абыроймен атқарудың маңыздылығы атап өтілді.
Ал Алакөл ауданы бойынша шекара басқармасының кәсіптік және техникалық дайындық бөлімінде «Көктем-2026» шақырылым сарбаздарына жеке қару табыстау рәсімі өтті.
Салтанатты шара барысында жас сарбаздарға бекітілген қарулар тапсырылып, қару ұстаудағы жауапкершілік пен әскери тәртіптің маңызы түсіндірілді. Әскери антқа адал болу, қырағылық пен тәртіпті сақтау жөнінде насихат айтылды. Бұл рәсім жас сарбаздардың әскери өміріндегі маңызды кезеңдердің бірі саналады.
Ұйымдастырылған іс-шаралар әскери қызметтің беделін арттырып, жастардың патриоттық рухын нығайтуға, сондай-ақ шекара қызметіне деген қызығушылығын қалыптастыруға бағытталды.
ҚР ҰҚК Шекара қызметі Жетісу облысы бойынша департаменті





