Отанды күзетіп жүрген шекарашылардың еңбегін еліп, олардың күнделікті өміріне бір сәт бет бұрып тұрған да дұрыс. Осы орайда ҚР ҰҚК Шекара қызметі Жетісу облысы бойынша департаментіне қарасты Алакөл, «Қорғас» басқармаларында бірқатар ауқымды шара өрнек тапты, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Кино көрсетілді
ҚР ҰҚК Шекара қызметі Жетісу облысы бойынша департаменті Алакөл ауданы бойынша шекара басқармасының ұйымдастыруымен «Достық» шекара бөлімінің бөлімшелерінде «Өнерлі шекара» жобасы аясында «Достық шебі – рухы биік шекара» атты концерттік бағдарлама өтті.
Отан шебін күзетіп жүрген шекарашылардың еңбегін дәріптеу, жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу және ел бірлігі мен достығын насихаттау мақсатында өткен кеш сарбаздардың рухын көтеріп, әскери ұжым бірлікті нығайтуға ықпал етті. Бағдарлама соңында кино көрсетілді.
Профилактикалық тәрбие жұмысы
«Қорғас» шекаралық бақылау басқармасының жеке құрамымен ҚР ҰҚК Әскери полиция департаменті және ҚР ІІМ Жетісу облысы бойынша департаментінің «Қорғас» полиция бөлімі қызметкерлері бірлесіп профилактикалық тәрбие жұмысын жүргізді.
Іс-шара барысында құқық бұзушылықтардың, жағымсыз әрекеттердің және әскери тәртіпті бұзу фактілерінің алдын алу мәселелері түсіндірілді. Оған қоса әскери қызметшілердің құқықтық жауапкершілігі туралы ақпарат берілді.
Кездесу жеке құрам арасында заңдылық пен тәртіпті нығайтуға, құқықтық мәдениетті арттыруға және құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталды.
Мемлекеттік тілдегі емтихан
ҚР ҰҚК Шекара қызметі Жетісу облысы бойынша департаменті Алакөл ауданы бойынша шекара басқармасының жеке құрамынан Жетісу облысы «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы коммуналдық мемлекеттік мекемесінің Алакөл аудандық филиалында В2 деңгейі бойынша білім алған тыңдаушылардан қорытынды емтихан қабылданды.
Емтихан барысында әскери қызметшілердің мемлекеттік тілді меңгеру деңгейі бағаланып, тыңдалым, оқылым, жазылым және сөйлесім дағдылары тексерілді.
Іс-шара мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге, әскери қызметшілердің тілдік құзыреттілігін арттыруға және кәсіби қызметте қазақ тілін еркін қолдануға бағытталды.





