Шығыс Қазақстан облысы. Зайсан ауданы. 1990жыл, 4 маусым. Түс ауа Жер-ана ауыр күрсінді. Магнитудасы 7-8 балдық сілкіністен 8874 баспана қирап, 36 мың тұрғын далада қалды. Айтпай келген апаттан бір бала дүние салды. Тарихта «Зайсан зілзаласы» атымен қалған тілсіз жаудың зардабы қоңсы жатқан Күршім, Тарбағатай аудандарына да тиді. Сондай апатты болдырмауды адамзат баласы әлі игермепті. Жердің тұңғиығынан бастау алып, бетіндегісін әбігерге салатын дүмпуді анықтау мен алдын ала болжау ғылым мен технология дамыған дәуірде де мүмкін емес.
Мүмкін емес деп қол қусыруға тағы болмайды. Алдын ала хабары жоқ, бірақ зардабы орасан апаттан адам жанын арашалау, қоршаған ортадағы апат салдарынан туындаған қауіпті азайту – мемлекеттің басым саясатының бірі. Сол мақсатта елімізде «Жер – 2024» республикалық-штабтық оқу-жаттығуы өтуде. Шығыс Қазақстан облысында бас штаб құрылып, өңір-өңірде қауіптің салдарын азайтуға дайындық жұмыстары пысықталуда.
Болашаққа қам мен қарекеттің қауқарын анықтайтын шараның негізінде Шығыс Қазақстан өңірінің жіті назарға алынуының өз мәні бар. Алтай өңірі – қауіп құшағында. Облыстың 60 пайыз аумағы ұйқыдағы аждаһадай. Қашан және қалай оянатыны, қандай зардап әкелетіні белгісіз. Құдай бетін аулақ қылсын, дейтұрғанмен «қауіп қайдан демеңіз» қамсыз отыруға тағы болмайды. Оқу-жаттығу барысында Шығыс Қазақстан облысына төрт өңірдің төтеншеліктері жұмылдырылды. Жетісулықтар болса, Зайсан ауданына жайғасты. Қазақстан Республикасының бекітуімен қауіпті өңірде апат орын алса аталған облыстар дереу осы аймақтарға жетіп, тұрғындарға жәрдемдесуі, апаттың зардабын жоюы тиіс.
Жетісулықтардың штабы Зайсан қаласының батысындағы ипподромда орналасқан. Мұнда апат жағдайында 1140 қала тұрғын мекендейді. 20-ға жуық шатыр тігілген. Әр шатырдың өз қызметі бар. Біріншісінде штаб орналасқан. Бұл жерден құтқару қызметінің жұмысы жүйеленеді. Мұнан кейінгісінде бар жабдықпен қамтылған шұғыл медициналық көмек көрсету пункті жайғасқан. Ақ халаттылар апат салдарынан зардап шеккен кісіге жан-жақты дәрігерлік көмек көрсетеді. Тіпті, қажет болған жағдайда шұғыл ота да жасалады. Үшіншісі 20 орындық дала ауруханасына айналған. Дәрігердің қарауынан кейін әрі қарай ем-дом алуы үшін науқастар жайғасады. Мұнда Халыққа қызмет көрсету орталығы да бар. Апат орын алғанда ешкім құжат іздеп жүрмейтіні белгілі. Зардап көлемін, адамдардың амандығын тізбектеп, тұрғындарды аты-жөнімен түгендеу Зайсан қалалық Халыққа қызмет көрсету орталығының маманы Әсет Смағұлов пен аудандық полиция бөлімі көші-қон қызмет тобының инспекторы Мақсұт Болатов бастаған, жергілікті әкімдік қызметкерлерінен құралған топқа жүктелген. 22 техника, 60-тан астам маман жұмылдырылған. Мамандар сапында өрт сөндірушілер, құтқарушылар, дәрігерлер, әкімдік қызметкерлері, құқық қорғау өкілдері, кинологтар, т.б. саланың өкілдері бар. Бұл оқу-жаттығу барысындағы жұмылдырылған күштік құрам ғана. Бетін аулақ қылсын, апат орын алса, Жетісу өңірінен 2000-ға жуық құтқарушы, 350 арнайы техника жұмылдырылады.
Дабыл берілгенде штабтан колонна қозғалды. Шуылдаған арнайы көліктердің бағыты – Зайсан қаласы. Кеңес заманында салынған көп- пәтерлі, бір қабатты үй 9 балдық сілкініске шыдас бермеді. Бейбіт тұрғындар қиранды астында қалған. Апат орнына ұмтылған жетісулық құтқарушылар алаңдамастан бір қабырғасы қираған ғимараттың ішіне еніп кетті. Бұл уақытта Зайсан аудандық №25 өрт сөндіру бөлімінің Елнұр Серіков, Мақсат Бозтайлақов, Жанат Данияров есімді мамандары дүмпу барысында шыққан өрт ошағын өшіруге кірісті.
– Өмір үшін арпалысқан құтқарушылардың түтінге тұншықпасы үшін алаулаған от көзін өшіру міндеті жүктелді. 3 шаршы метр аумақтан басталған өрт көзін өшіруге 4 маман жұмылдық. Арнайы техникадан алынған көбікті себінді от ошағын жылдам өшіруге негізделген, – дейді Елнұр Серіков.
Кинологтар қарғыбаудан ағытқан қызметтік ит те қиранды арасына күмп етті. Төрт аяқтының да мақсаты – бетон плиталар мен қақыраған кірпіш астынан адамды табу. Құтқарушылар лезде бірінің қолы, бірінің аяғы, бірінің бел омыртқасы жарақаттанған тұрғындарды алып шықты. Ендігі жұмыс жедел жәрдем қызметкерлерінің мойнында. Жетісу облысы, Талдықорған қаласы жедел жәрдем қызметінің маманы Самат Боданбаев пен Байбатыр Диқанбаев зардап шегушілерге алғашқы дәрігерлік көмек көрсетіп, штабқа жөнелді. Оқу-жаттығу жоспарына сай қиранды астынан аршып алынған қала тұрғыны Аслан Сүлейменов лезде шұғыл медициналық көмек көрсету пунктіне жеткізілді. Зайсан аудандық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Шакизат Жақыпбаева бастаған ақхалаттылар А. Сүлейменовпен бірге келген 4 науқастың денсаулығын саралап, бас сүйегі жарылған тұрғынға дереу ота жасады.
– Уақытша медициналық орталыққа нағыз білікті мамандарды жұмылдырдық. Одан өзге, арнайы медициналық апараттар орналастырылған көлік пен «Жедел жәрдем» көлігі қамтылды. Қазір бұл орталықта кез келген медициналық көмек түрі көрсетіледі. Тіпті, ота да жасалады. Мамандардың жұмылдыруына жоғары баға беремін. Бұл оқу-жаттығудың қойылымы ғана болсын деген тілегіміз бар, – дейді Шакизат Жақыпбаева.
Жеңіл дене жарақатын алған өзге 10 адам да қараусыз қалмады. Психолог мамандар олардың үрейлі сәттен арылуы үшін жан-жақты жәрдемдесуде. Бұл жағдайдың бәрі оқу-жаттығу жүзіндегі жоспарлы қойылым ғана. Кәдімгі қираған ғимарат бұрын СЭС-тің меншігінде болған. 10 жылдан астам пайдаланусыз жатқан.
Жетісу облыстық төтенше жағдай департаменті бастығының орынбасары Игорь Жуков оқу-жаттығудың алғашқы күнінде жан-жақты қарекет болғанын алға тартуда. Мамандар сейсмикалық қауіп кезіндегі қам-қарекетінен жаңылмаған.
– Бүгінгі жүктелген міндетті жергілікті әкімдікпен бірлесе құрған штабта толықтай атқардық. Штабта 1200 тұрғынға арналған уақытша тұрақжай да дайын болды. «Бірлік – түбі береке» деген осы. Бүгінгі оқу-жаттығу барысына жоғары баға бере аламын. Ертең Зайсан қаласы тұрғындарына сейсмикалық апат кезінде қандай қарекет етуі керегін, не істеу қажетін үйретеміз. Дәрістер өтеміз. Шығыс Қазақстан жер сілкінісі жөнінен қауіпті аймақ. Қай уақытта да жетісулық құтқарушылар сақадай сай. Бүгінгідей алашапқын сәтіміз тек оқу-жаттығу кезінде ғана орын алсын. Апаттан ада, шығыннан аман болайық, – деді Игорь Жуков.
Сонымен құтқарушылардың оқу-жаттығуының бірінші бөлігі тамамдалды. Жаратқан Алла болдырмасын, алайда, апат орын ала қалса Зайсан тұрғындары жетісулықтардың қамқорлығында болады. Оған мамандар да, техника да даяр. Газетіміздің келесі санында «Жер –2024» республикалық-штабтық оқу-жаттығуының Өскемен қаласындағы штабтағы қарекеті жайында ақпарат береміз.
Дастанбек САДЫҚ





