Талдықорғандағы Азаматтарды қабылдау орталығында облыстық сауда және тұтынушылар құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Айдос Дауешов пен «Жетісу облысы тұтынушылар құқықтарын қорғау» ҚБ төрағасы Амир Газалиев тұтынушылардың мәселесі бойынша қоғамдық қабылдау өткізіп, азаматтарға құқықтық бағдар берді.
Жалпы, аймақта тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласында өтініш артып келеді. Мысалы, биылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша облыстық сауда және тұтынушылар құқықтарын қорғау департаментіне 544 өтініш түсіп (2022 жылы 100 өтініш, яғни 5,8 есеге көбейген), оның 213-і шешіліп, тұтынушыларға тиесілі 11787000 теңге қаражат қайтарылған.
Биылғы 1 тоқсанда 178 өтініш қаралып, оның 60 өтініші қанағаттандырылып, 79 өтінішке сипатына қарай түсіндірме жұмысы жүргізіліп, 21 өтініш қайта қарауға жіберілген. Осы кезеңде тұтынушыларға 3197000 теңге қайтарылған.
Қабылдау барысында тұтынушылардың бөлшек және электронды сауда, тұрмыстық қызмет саласы бойынша алаяқтарға жиі алданатынын айтып, көп шағымданатынын байқадық. Соның бірі қала тұрғыны Ғалия Мақабылқызы econikamarket.kz компаниясынан тізе ауруына шипа беретін жақпа майды 428 мың теңгеге сатып алып, оңбай алданғанын айтып мұң шақты. Компания тұтынушы жасының үлкендігін және сенгіштігін пайдаланып, уақыты өтіп кеткен тауарды алдап сатқан. Бұл тұтынушының денсаулығына кері әсер етіп, сырқаттан тез айығамын деп үміттенген тұрғын ауруына ауру қосып, емханалардың табалдырығын тоздырып жүр екен.
Тұтынушының арызын қабылдап, айтқанын мұқият зерделеген мамандар оның өтінішін тиісті мекмелерге жолдап, тиісінше жауап алып беруге тырысатынын жеткізді.
Алаяқтардың алдауына түскен Ғалия сияқты тұрғындардың құқығы өрескел бұзылып, моральдық және материалдық тұрғыда көп зиянға ұшырап жатқанын білдік. Сондықтан жерлестерімізге алаяқтарға алданып, сан соғып қалмау үшін тұтынушылардың құқығы туралы заңдық негіздерді үйренуге үндейміз.
«Жетісу-Ақпарат»
Фото: ratel.kz