Елімізде тұрғындардың тыныштығын бұзып, түн ортасында от шашу атып, қатты музыка қосып немесе көпшілік іс-шара ұйымдастыратын азаматтарға әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Ішкі істер органдары соңғы уақытта мұндай жағдайларға қатысты тұрғындардан шағымдардың көбейгенін айтып, бақылауды күшейткенін мәлімдеді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Кейінгі кездері жастар арасында туған күн иесін түнгі сағат 12-де құттықтау мақсатында көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларында от шашу атып, музыка қойып, түрлі мерекелік шаралар ұйымдастыру үрдіске айналған. Алайда мұндай әрекеттер тұрғындардың тыныштығын бұзып, көршілердің наразылығын тудыруда.
Талдықорған қаласының тұрғыны Данияр Жаныстың айтуынша, түнгі уақытта атылатын салют пен қатты музыка жүздеген адамның тыныштығына әсер етеді.
– Мен қаладағы ірі мейрамханалардың бірінің жанында тұрамын. Музыканың өзі жеткіліксіздей, түнгі сағат 12-ден кейін салют атады. Оның дауысы мен ғана емес, айналадағы 200-300 үйге естіледі. Осындай әрекеттерді тоқтату керек, – дейді тұрғын.
Ал тағы бір тұрғын Ботагөз Оразғалиқызы жаз мезгілінде мәселенің тіпті өзекті болатынын айтады.
– Жазда терезені ашып ұйықтаймыз. Түнде қатты дыбыстан балалар оянып кетеді. Біз бұл мәселеге қатысты 20 адам болып шағымдандық, бірақ нәтиже болмады, – дейді ол.
Полиция өкілдерінің мәліметінше, Қазақстан заңнамасына сәйкес жұмыс күндері сағат 22:00-ден кейін, ал демалыс және мереке күндері сағат 23:00-тен кейін тұрғындардың тыныштығын бұзуға тыйым салынады.
Бұл талаптарды бұзған азаматтар Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 437-бабы («Тыныштықты бұзу») бойынша жауапқа тартылады. Аталған бапқа сәйкес жеке тұлғаларға 5 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде айыппұл салынады. 2026 жылғы АЕК мөлшері 4 369 теңге болғандықтан, айыппұл көлемі 22 теңгені құрайды. Құқық бұзушылық бір жыл ішінде қайталанса, жаза мөлшері арта түседі.
Астана қаласы полиция департаменті баспасөз қызметінің басшысы Эльмира Шәуленова тұрғындарды қоғамдық тәртіпті сақтауға шақырды.
– Тұрғын үй аумақтарында және қоғамдық орындарда салют, пиротехникалық бұйымдар, дыбыстық сигналдар мен басқа да шу шығаратын құралдарды пайдалану азаматтардың тыныштығын бұзады. Сонымен қатар мұндай шаралар кезінде алкоголь тұтыну, қоғамдық тәртіпті бұзу және аулаларды ластау фактілері де кездеседі. Заң талаптарын сақтамау тиісті жауапкершілікке әкелетінін ескертеміз, – деді ол.
Құқық қорғау органдары азаматтарды туған күн, мерейтой және басқа да мерекелерді атап өту кезінде көршілердің тыныштығын ескеруге және қоғамдық тәртіпті сақтауға шақырып отыр. Мамандардың айтуынша, мерекені мәдениетті түрде ұйымдастыру – өзгенің демалу құқығын құрметтеудің маңызды көрінісі.





