Тәртіп сақшылары әдетте қылмыс жасаушыларды құрықтаумен, заң талаптарының бұзылмауын қамтамасыз етумен айналысады деген біржақты түсінік бар.
Құқық қорғаушылар қоғамның тыныштығы мен қауіпсіздігін қалыптастырумен қатар қайырымды істің басы-қасынан да табылады. Жетісу облыстық полиция департаментінің қызметкерлері сала ардагерлеріне жиі қолғабыс етеді. Жуырда ішкі істер органдарында еселі еңбек етіп, зейнеткерлікке шыққан Сапарғали Жаналиевтің шаңырағында болып, ауласындағы жұмыстарға жәрдемдесті.
– Үлкенге құрмет – кішіге міндет. Аға буынға жәрдемдесумен қатар Сапарғали Жаналиевтің тағылымды әңгімесіне де қанықтық. Тәлімін алдық. Құқық қорғау саласында еселі еңбек еткен ардагерлеріміз әрдайым құрмет төрінде, – деді облыстық полиция департаменті тәрбие және кадр жұмысы басқармасының бастығы Рауан Шалбаев.
Жалпы, тәртіп сақшыларының мұндай қайырымдылық шаралары үрдіске айналған. Мұндай игілікті шаралардың жас буынның құқық қорғау саласында адалдықпен еңбек етуіне тәрбиелік әсері бар.
«Жетісу-Ақпарат»





