Сыбайлас жемқорлық – қоғамның дамуына тікелей кедергі келтіретін құбылыс. Ол мемлекеттік жүйенің тиімділігін төмендетіп қана қоймай, халықтың билікке деген сенімін әлсіретеді. Жемқорлық бар жерде әділдік болмайды, ал әділдік жоқ жерде даму да болмайды. Мәселенің түп-төркіні тек заңның әлсіздігінде емес. Негізгі себеп – қоғамдық сана мен жеке жауапкершіліктің төмендеуі. Кейде адамдар жемқорлықты қалыпты жағдай ретінде қабылдайды. Бұл – ең қауіпті түсінік. Өйткені дәл осы көзқарас оны жалғастырып келеді.
Жемқорлықтың салдары ең алдымен халыққа тиеді. Мемлекеттік қаржы – халықтың еңбегі. Ол білімге, медицинаға, әлеуметтік қажеттіліктерге жұмсалуы тиіс. Алайда қаражаттың мақсатсыз жұмсалуы немесе жымқырылуы қоғамға тікелей зиян келтіреді. Нәтижесінде жобалар кешігеді, инфрақұрылым дамымайды, ал халықтың үміті азаяды. Сондықтан жемқорлықпен күрес тек жазалаумен шектелмеуі керек. Бұл мәселені түбегейлі шешу үшін ең алдымен сананы өзгерту қажет. Біріншіден, әр азамат өз құқығын білуі тиіс. Құқықтық сауаттылық – әділетті қоғамның негізі. Екіншіден, ашықтық маңызды. Ақпараттың қолжетімді болуы заңсыз әрекеттердің азаюына ықпал етеді. Үшіншіден, жеке ұстаным қажет. Әр адам пара бермеу мен алмауды өз принципіне айналдырмайынша мәселе толық шешілмейді. Төртіншіден, жастардың рөлі ерекше. Болашақ қоғам – бүгінгі жастардың қолында. Егер олар адалдықты басты құндылық ретінде қабылдаса, өзгеріс те болады.
Жемқорлық – тек құқықтық емес, моральдық мәселе. Оны жою үшін заң ғана емес, әр адамның ішкі ұстанымы өзгеруі керек. Адал қоғам – әркімнің жеке таңдауынан басталады.
Балааман ҚАДЫРСЕЙІТ
ЖУ студенті





