2025 жылы Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік наградалар туралы» Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
Аталған өзгерістерге сәйкес заңның 42-бабында сыртқы түрі немесе атауы бойынша мемлекеттік наградалар толықтай немесе ішінара ұқсас ордендер мен медальдарды, омырауға тағатын белгілерді, оларға қоса берілетін құжаттарды дайындауға және тағайындауға тыйым салынады. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының, Қазақстан халқының немесе Президенттің атынан мемлекеттік емес наградалармен марапаттауға жол берілмейді.
«Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» Кодексінің 674-бабына сәйкес мемлекеттік наградаларға сыртқы келбеті бойынша ұқсас белгілерді дайындау немесе тағайындау заң бұзушылық саналады. Мұндай жағдайда айыппұл салынып, заңсыз дайындалған белгілер тәркіленеді.
Мемлекеттік рәміздер мен наградалардың мәртебесін сақтау және оларға деген құрметті арттыру мақсатында қолданыстағы заңнама талаптарын сақтауға шақырамыз.
«Jetisý ақпарат»





