Бейсен Құранбек атындағы Журналистер үйі өткен брифингке мопед жүргізушілері арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу мәселесі тарқатылды. Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, әкімшілік бақылауды күшейту, құқықтық тәртіпті нығайту – жиынның негізгі өзегі болды.
Іс-шараға Жетісу облысы ПД әкімшілік полиция басқармасы процессинг орталығының бастығы Әсет Есембаев және аталған басқарманың әкімшілік практика бөлімінің бастығы Саят Ибраимов қатысып, өңірдегі ахуалға тоқталды.
Спикерлердің мәліметінше, Жетісу облысы Полиция департаменті 2025 жылғы 5 сәуірден бастап тіркелмеген мопедтерді пайдалануға және жүргізуші куәлігінсіз басқаруға тыйым салған. Бұл талап жол-көлік оқиғаларының алдын алу және құқықтық тәртіпті күшейту мақсатында енгізілген.
Жаңа талаптарға сәйкес, мопедтер міндетті түрде мемлекеттік тіркеуден өтуі тиіс. Сонымен қатар, көлік құралдары техникалық тексеруден өткізіліп, азаматтық-құқықтық жауапкершілігі сақтандырылуы қажет. Жүргізушілерде А1, А немесе В санатындағы жарамды жүргізуші куәлігі болуы шарт.
Қазіргі таңда облыс бойынша 1489 мопед ресми тіркеуден өткен. Бұл көрсеткіш жүргізушілердің заң талаптарына бейімделе бастағанын көрсетеді. Дегенмен, толық тәртіпке келтіру үшін әкімшілік бақылау мен профилактикалық жұмыстар жалғасуда.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 612-бабы 2-тармағына сәйкес, көлік құралын басқару құқығы жоқ адамның немесе тиісті санаты жоқ жүргізушінің басқаруы 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салуға әкеп соғады. Қазіргі есеппен бұл 78 640 теңге. Ал 590-баптың 2-тармағына сәйкес, мемлекеттік тіркеу нөмірінсіз немесе тіркелмеген көлік құралын пайдалануға 10 айлық есептік көрсеткіш айыппұл қарастырылады.
Брифингте құқық қорғау органдары профилактикалық жұмыстарының маңызы айтылды. Құқықбұзушылықтың алдын алу тек жазалау шараларымен шектелмей, ең алдымен құқықтық мәдениетті қалыптастырумен байланысты.
– Мопед – толыққанды көлік құралы. Оны басқару барысында заң талаптарын сақтау – әр жүргізушінің міндеті. Біз мопед иелерін алдын ала тіркеуден өтіп, жүргізуші куәлігін алуға шақырамыз. Бұл – жол қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды тетігі, – деді Әсет Есембаев.
Санжар СҰЛТАНҒАЗЫ





