Жыл басынан бері облыс аумағында 289 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, салдарынан 515 адам түрлі дене жарақатын алып, 24 адам қаза тапты.
Жол-көлік оқиғаларының негізгі себептері – жол қозғалысы қағидаларын өрескел бұзу. Атап айтқанда, қарсы бағытқа шығып соқтығысу – 148, жаяу жүргіншіні қағу – 79, көліктің аударылуынан 35 оқиға орын алған.
Есепті кезеңде көлік және жол шаруашылығы саласында 91 976 әкімшілік құқықбұзушылық анықталды. Құқықбұзушыларға қатысты ескерту түрінде 16 627, жалпы сомасы 1,2 млрд. теңгеге 75 091 әкімшілік айыппұл, 191 әкімшілік қамау және 200 жүргізуші куәлігінен айыру түріндегі әкімшілік шаралар қолданылды.
Жол қозғалысы қағидаларын өрескел бұзып, азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіргендерге қатысты құқық қорғау органдарымен қатаң шаралар қабылдануда.
2026 жылғы 10 сәуір күні сағат 23.00 шамасында азамат Б. Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 434-бабы 1-бөлігімен, яғни ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Аталған азамат Талдықорған қаласындағы Қабанбай батыр ескерткіші маңында автокөлікті шамадан тыс жылдамдықпен басқарып, басқарылатын тайғанақтау («дрифт») әрекеттерін жасап, жол қозғалысына қатысушыларға қауіп төндірген.
Бұдан бөлек, алаңдатарлық жайттардың бірі – жол қозғалысы қағидаларын бұзғаны үшін биыл ғана жүргізуші куәлігін алған 264 азаматтың әкімшілік жауапкершілікке тартылуы.
Жол – жауапкершілікті талап ететін орта. Жылдамдықты асыру, қауіпті маневр жасау, қарсы жолаққа шығу, рөлде отырып телефон пайдалану және өзге де заң бұзушылықтар орны толмас қайғылы жағдайларға әкелуі мүмкін.
Баршаңызды жол қозғалысы қағидаларын қатаң сақтауға, жолда өзара құрмет танытуға және өз өміріңіз бен өзгенің қауіпсіздігіне бейжай қарамауға шақырамыз.
Жолдағы қауіпсіздік – баршамызға ортақ міндет.
Жетісу облыстық прокуратурасы





