Жетісу облысында 27 сәуірден бастап жолдарда жылдамдықты бақылауға арналған жаңа камералар іске қосылды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Полиция дерегіне сәйкес, өңірде «Ekin BOX SPOTTER» аппараттық-бағдарламалық кешендері орнатылған. Аталған құрылғылар Ақсу, Алакөл, Ескелді, Қаратал, Кербұлақ, Көксу, Панфилов, Сарқан аудандары мен Текелі қаласында орналастырылды. Әр ауданда бес кешеннен іске қосылған.
Жаңа жүйелер автоматты режимде жұмыс істеп, белгіленген жылдамдықты асырған көлік құралдарын тіркейді. Құқық бұзушылықтар бойынша деректер тиісті органдардың базасына бірден жолданады.
Ведомство мәліметінше, өңірдегі республикалық және облыстық маңызы бар автожолдарда бұған дейін де «ZEREK-2», «VIDAR SPEED-R», «Сергек» және «МЕРГЕН» жүйелері қолданылып келеді. Бұл құрылғылар жылдамдықты арттырумен қатар қарсы бағытқа шығу, жол таңбаларын сақтамау сияқты өзге де ережебұзушылықтарды анықтауға мүмкіндік береді.
Полиция мұндай бақылау құралдары жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өтті.
– Жүргізушілерді жылдамдық режімін және жол қозғалысы ережелерін сақтауға шақырамыз. Жолдағы мұқияттылық пен жауапкершілік адам өмірін сақтауға көмектеседі, – деп мәлімдеді ведомство өкілдері.
Қазіргі уақытта Жетісу облысында құқық бұзушылықтарды тіркейтін және бейнебақылау жүргізетін 2356 камера жұмыс істейді.





