Әр шығармасының түп-тамыры ауыл адамдарының тағдырына телінген. Оның шағын әңгімелерінен тартып, кесек туындыларының қай-қайсысын алып қарасақ та қазақы ауылдың қуанышы мен күйінішін, зор өкінішін танимыз. Тарихтан тарам-тарам жол тартып, өз соқпағын сайратқан, заманының мінсіз суреткері бола білген талант иесі көзінің тірісінде-ақ қазақ әдебиетінің классигіне айналып үлгерген, «Сайын даланың Сайыны» атанған. Күні кеше ғажайып жазушы Сайын Мұратбековтің туғанына 85 жыл толуына орай Алматы облыстық С.Сейфуллин атындағы әмбебап кітапханасында кездесу кеші өтті.
Жазушының туған інісі Ғалым Мұратбеков пен қарындасы Майра Мұратбековамен өткен кездесу кешті аталмыш кітапхана директоры Ғалия Тоқабаева жүргізіп отырды. Әдебиет әлеміне жарқын бейнесі, жауһар жазбасы жарқырай көрінген талант иесінің «Жусан иісі», «Жабайы алма» сынды повестері мен жекелей әңгімелерін күллі қазақ оқырманы сүйіп оқығанын, қаламгердің шын мәнінде қазақ руханиятына өлшеусіз үлес қосқан майталман жазушы екенін айшықтаған ол өз кезегінде шара қонақтарын таныстырып өтті.
Рухани шарада алғашқы болып ақын, жазушы, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі Әли Ысқабай сөз алды.
– Сырлы шығарма, сырбаз мінез иесі Сайын Мұратбековпен таныстығым сонау сексенінші жылдары басталды. Алматыда жүргенде талай рет сәлем бере барып, сырласып қайтушы ек. Кейіннен Қапалда қауышып, 4 күн бірге жүрдік. Ол шындығында шырайлы шығармаларымен исі қазақ оқырманын баурап алған талант иесі еді, – деп өткеннен естелік тарқатқан Әли Әпекұлы жазушының насихаттауы кемшін түсіп жатқанын да сөз етті.
Қазақ қоғамына қайраткер ретінде де, жазушы ретінде де өзіндік үлесін қосқан бірегей тұлғаның әдеби әлемін әуезді сөз, айшықты теңеумен асқақтата жеткізген ҚР Жазушылар одағы Алматы облыстық филиалының директоры, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, айбоз ақын Әміре Әрін жібек мінезді қаламгердің сан қырлы талантын талдап шықты. Заман заңғарынан парасаттылықпен тақ сайлаған жазушының болмыс-бейнесінің бекзат екенін, шығармашылығының шырайлы һәм мәңгілік мәнге ие екенін алаулата айшықтады.
Қарапайымдылық күпісін киіп өткен жазушының нұрлы өмірінен сыр шертетін фильм көрсетілді.
Қазақстан КП Орталық Комитетінде жауапты қызметкер, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болған Сайын Мұратбековтың адами қасиетін, тұлғалық болмысын жерлес-қарындасы Раушан апай тебірене термелесе, жазушының інісі Ғалым Мұратбеков талант иесінің Қоңыр ауылында өткен қоңыртөбел тірлігін толғады.
– Сайын ағаның арда болмысын асқақтатып жеткізген Әли аға, Әміре бауырым мен Раушан қарындасыма алғысым шексіз. Тумысынан кірпияз, мақтанды сүймейтін, өзіндік дара көзқарасына өмірін өлшеп алған ағамыздың асыл қасиеттері көп еді. Жазушылық мұраты жолында көп еңбектенді. Ағаның арқасында қазақтың маңдайалды қаламгерлерімен дәмдес болдық. Мұзарт таудың мұзбалақ ақыны Мұқағали Мақатаев, Олжас Сүлейменов, жазушы Әкім Тарази, Қалихан Ысқақовтар үйге жиі келіп, әдеби әуезді әңгіме құратын. Сондай бір жолы Сайын аға: «Мемлекеттік қызметте жүріп шығармашылықты шарықтата алмай, кесек туындыларды өрнектей алмай қалдым. Мүмкіндік шектеулі болып қалды. Ойлағанын, жоспарын еркін жазып, оқырманға роман ұсынған сендер бақыттысыңдар ғой!» – деді жолдастарына. Сонда Әкім Тарази: «Әй, Сайын! Өйтіп айта көрме, сенің «Жабайы алмаңның» өзі біздің жазып жүрген романдарымыздан биік болмаса, кем емес!» – деп ақжарыла айтқан еді. Осының өзі Сайын аға шығармашылығының шырайлылығына дәлел болса керек, – деп толғанды жазушы інісі Ғалым Сапарғалиұлы.
Сайын даланың Сайыны ерекше жақсы көрген қарындасы Майра Мұратбекова асқар таудай ағасының тәрбиесінде болғанын, тұлғаның таңғажайып тағдыры мен өміршең шығармасы туралы жылы естелігін тарқатты. Үйдің кенжесі болған Майраға ерекше өбектеген қаламгердің қыры мен сырын айрықша айшықтап, мерейтойына орай осындай кездесу кешін ұйымдастырған жандарға деген жүрек лебізін білдірді. Сонымен қатар, сатирик, жазушы Тұрлыхан Кәрім сөз алып, жазушының қамқорлығын көрген жастық шақтағы кездесу туралы жылы естелік айтты.
Шара соңында «Janr» Жетісу әдеби бірлестігінің президенті, жазушы Есболат Айдабосын сөз алып, қаламгер мерейтойына орай 15 қазан мен 15 қараша аралығында «Жусан иісі» әдеби байқауы өтетінін жеткізді. Мұны облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы, облыстық С.Сейфуллин атындағы әмбебап кітапханасы, Ескелді ауданының әкімдігі мен «Janr» Жетісу әдеби бірлестігі бірлесе ұйымдастырып отырғанын атап өтті.
Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ
Алматы облысы





