Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаевтың төрағалық етуімен Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссияның алғашқы отырысы селекторлық режимде өтті. Онда мерейтойлық іс-шаралардың жалпы республикалық жоспары бекітілді.
Отырысты ашқан Мемлекеттік хатшы ұлы жырау, дала Гомері атанған Жамбыл Жабаевтың рухани мұралары әлемдік мәдениеттің алтын қорына енгенін атап өтті. Былтыр ұлы Абайдың 175 жылдық және әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойларын жоғары деңгейде өтілгеніне тоқталып, ұлы жыраудың мерейтойы да ұрпақтың санасына ұлағат болар тағылымдық және танымдық іс-шаралармен жалғасатынын айтты. Бұл орайда: «Ұлы жырау «Жамбыл менің – жай атым, халық – менің шын атым», – деп өзі жырлап кеткендей мерейтойлық іс-шаралар ұлттың ұйысуына, халықтың тәуелсіздікті нығайту жолындағы топтасуына қызмет етуі тиіс», – деді.
Отырыс барысында ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова ақынның 175 жылдығы аясында өткізу жоспарланып отырған іс-шараларды баяндады. Осы орайда республика бойынша 500-ге жуық ғылыми-танымдық іс-шаралар өткізу қарастырылып отыр. Бұдан бөлек, ақын өмірінен деректі фильм түсіру, өлеңдерінің жаңа жинақтарын шығару, айтыстар мен әдеби конкурстарды, кітап көрмелерін ұйымдастыру, мерейтойлық монета, пошта маркасын әзірлеу және басқа да шаралар өткізу көзделуде.
Жыр алыбының туған мекені – Жетісу жерінде ақын мерейтойы аясында атқарылатын іс-шаралармен облыс әкімі Амандық Баталов таныстырды.
– Жамбыл ақынның 175 жылдық мерейтойын атап өтуге Алматы облысы белсене кірісіп кетті. Ол үшін республикалық бюджеттен 175 млн., жергілікті бюджеттен 566 млн. теңге қаржы қарастырылып отыр. Жуырда облыс орталығында Ұлттық Ғылым академиясының академигі Уәлихан Қалижанның «Жамбыл» атты қазақ және орыс тілдерінде шығарылған кітабының тұсаукесері өтті. Ақынның туған күні қарсаңында онлайн форматта республикалық оқушылар айтысы, Жамбыл ауданында ақынды еске алу шарасы өтеді. Ақынның кесенесіне реставрация жасалып, Жамбыл ауданының аумағы абаттандырылып, ақын есімімен аталатын көше жолдарына жөндеу жүргізілетін болады. Жамбыл Жабаев атындағы әдеби-мемориалдық музейдің жылжымалы көрмесін республика көлемінде көрсету де жоспарланып отыр, – деді. Мұнымен қатар облыстық термешілер байқауы, халықаралық ақындар айтысы, суретшілер арасында халықаралық планер өтіп, «Жетісу» телеарнасында ақын туралы фильм көрермен назарына ұсынылатын болады. Түркияда халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізу жоспарлануда.
Жамбыл облысының әкімі Б. Сапарбаев та ақынның мерейтойы қарсаңында өтілетін шаралар барысын баяндап өтті. Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Ұлықбек Есдәулет, әдебиеттанушы, ғалым Сейіт Қасқабасов өз ұсыныстарын жеткізді.
Отырыс соңында Мемлекеттік хатшы Үкіметке жалпыреспубликалық жоспардың сапалы орындалуын және мерейтойлық іс-шаралардың ақпараттық тұрғыдан жан-жақты сүйемелденуін қамтамасыз етуді тапсырды. Облыстар мен Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының әкімдеріне Жамбыл Жабаевтың мерейтойын мерекелеу жөніндегі өңірлік жоспарларды әзірлеп, бекітуді және олардың орындалуын қадағалауды міндеттеді.
Алма ЕСЕНБАЙ





