«Өзімнің есебімде,
Мен биыл қырықтың дәл бесеуінде.
Кім біледі…
Ендігі қалған өмір,
Неше жылға жетерін,
Неше күнге.
Ұмыт болып есебің де, өсегің де,
Ұйықтап кетсем болғаны төсегімде,
Қырықтың бесеуінде», – деп жырлаған Мұқағали ақын «Өзімнің есебімде» атты өлеңінде соңғы демінің дәл 45 жасында алынатынын алдын ала білгендей… Содан бері тағы бір 45 жыл өтіпті…
Жетісудың түлегі, қазақ поэзиясының Хантәңірі Мұқағали көзі тірісінде еңбегіне тиісті бағасын ала алмай кетті.
Анасының естелігіне жүгінсек, Мұқағали 14-15 жасынан бастап өлеңге шындап ден қоя бастайды. Ең алғашқы өлеңдерін мектеп қабырғасында жүргенде жазып, бірді-екілі туындылары сол кездің өзінде аудандық баспасөзде жарияланған.
Дегенмен, ақын өміріне қатысты мына бір қызықты да құнды музей экспонаты таң қалдырмай қоймайды. Бұл 1948 жылғы мектеп бітірушілердің оқу үлгерімі туралы кесте.
Мұқағалидың мектеп қабырғасында жүргенде дәл «Қазақ әдебиеті» пәнінен «2» деген баға алуы бүгінде бізге ақылға қонымсыз жағдай болып көрінеді. Бірақ мұндай жағдайлардың танымал тұлғалардың бойында кездесетініне, атақты математик Эйнштейннің мектепте математика пәнінен, ал орыс әдебиетінің классигі Пушкиннің орыс әдебиетінен тоқсанға немесе жыл қорытындысына 2-ге шыққандарына, бірақ олардың кейіннен ұлы тұлға болып ел жадында қалғандарына тарих куә.
Ақын орта мектепті бітіргеннен кейін жоғарғы оқу орындарының бірнешеуіне еш қиындықсыз-ақ түскен. Мәселен, ол 1950 жылы Алматыдағы шет тілдері институтының неміс тілі факультетінің және 1973 жылы Мәскеудің М. Горький атындағы әдебиет институтының студенті атанады. Бірақ, анасы айтқандай, «Екі оқу орнын да тауысқам жоқ. … олардың білетінін өзім де біледі екем…», – деп қолын бір сілтеп, оқуды тастап кеткен екен. Алайда «Болат пышақ қын түбінде жатпайды» дегендей, Мұқағали өзінің бойына біткен тума таланты мен ақындық өнерге деген құштарлығының, тума талантының арқасында күллі қазақ халқының ақиық ақыны атанды.
Әдебиеттің барлық жанрына дерлік қалам тартқан ақынның ұтқыр да ұтымды сюжетке құрылған дастандары мен поэмалары, толғаулары бүгінгі жас қаламгерлерге үлгі, өнеге боларлықтай. Оның 1973 жылы жазылған «Аққулар ұйықтағанда» дастанының қолжазбасы ақынның туған жері Қарасаз ауылында орналасқан музейінде сақтаулы. Туынды дүниеге келген соң өз бағасын берсе деген оймен Мұқағали атамыз бірден Ғабит Мүсіреповке көрсеткен, шығарманың көркемдігіне риза болған халық жазушысы алтын қаламын сыйға тартқан екен. Бұл қалам да бүгінде ақын музейінің экспозициясынан орын алған.
Өзін аудармашылық қырынан да сынап көрген Мұқағали Шекспирдің “Сонеттерін”, Уолт Уитменнің өлеңдерін және Данте Алигьеридің “Құдіретті комедиясының” “Тамұқ” деген бөлімін 1971 жылы қазақ тіліне аударған. М. Мақатаевтың әдеби музейіне келгендер осы бағалы туындылардың түпнұсқаларымен қатар ақын өмірінен сыр шертер тұтынған заттарымен, оның поэзия әлеміне жетелер ұшан-теңіз мұрасымен таныса алады.
Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдық мерейтойына орай ақын ұрпақтарының қатысуымен бірқатар ауқымды шаралар республика, облыс көлемінде жыл бойы ұйымдастырылуда. Соның ішінде облыс музейлерімен қатар Алматы қаласы мен Жамбыл облысында да «Мұқағали – мәңгілік ғұмыр», «Мұқым елдің мұзбалағы», «Алаштың ақиығы – Мұқағали» сынды әдеби кештер мен жылжымалы көрмелер, дәрістер, онлайн экскурсиялар және тағы басқа да шаралар өткізілуде.
«Мен өзім жайында мынаны айтам: мен XXI – ғасыр ұрпақтарының құрдасымын. Бәлкім, одан әрідегі ұрпақтардың туысымын да…» деп ақын ағамыздың өзі жазғандай, оның баға жетпес мұрасы да, есімі де қазақ халқымен мәңгі бірге жасамақ.
Қарлығаш Тұтқабаева,
М. Тынышпаев атындағы облыстық тарихи-өлкетану
музейінің бас қор сақтаушысы





